Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

НАТО Украинаға көмекті жалғастыра ма?

09:12, 05 сәуір 2023 262
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг "Настоящее время" телеарнасына берген сұхбатында "Украинаға қолдау көрсету үшін қару жасауды көбейтпекке жұмыс істеп жатырмыз" деп мәлімдеді.

"Себебі бұлай жасаған өте маңызды. Путин жеңсе, Украина үшін трагедия болмақ. Путин жеңсе, НАТО үшін де қауіпті. Сондықтан одақтастарыма айтарым: қауіпсіздігіміз үшін Украинаны қолдауымыз керек. Біз президент Путинге Украина жеңілмейтінін көрсетуіміз қажет" деді ол сұхбатында.

Азаттық "Настоящее времяның" Йенс Столтенбергтен алған сұхбатын ықшамдап ұсыныпты.

 Қазір майдан шебіндегі, соның ішінде Бахмут пен Авдеевкадағы жағдайды қалай бағалайсыз? Бұл шайқас Ресей мен Украина әскеріне қалай әсер етеді?

– Алдымен Украина әскерінің кәсібилігі, ерлігі және шешім қабылдаудағы мықтылығы таңғалдырғанын айта кеткім келеді. Олар бүкіл әлемді таңғалдырды. Ал Ресей әскерінің рухы, дайындығы әлсіз екенін, техникасы ескі екенін көрдік. Ресейдің әскери басшылығы көптеген операцияда өзін көрсете алмады.

Бір жағынан, Ресей әскері сапа жетпеген соң, санмен алуға тырысып жатыр. Сондықтан олар нашар машықтанған мыңдаған адамды майданға жібергенін көрдік. Бұл Украина әскеріне де шығын келтіруі мүмкін. Украинамен салыстырғанда Ресей сапалы қару мен тиімді басқару болмағандықтан көп солдатынан айырылып жатыр.

Бірақ біз Ресейді назардан тыс қалдырмауымыз керек, себебі олар мыңдаған адамды майданға жіберуге дайын екенін көрсетті. Демек, Украинаны қолдап, Украинаға жерін босатуға көмектесіп, Ресей басқыншылығына тойтарыс беруіміз керек.



 Украина көктемде қарымта шабуылға шығуды жоспарлап отыр. Бұдан қандай нәтиже болуы мүмкін? Украина әскері қарымта шабуыл бастауға қауқарлы ма, қару-жарағы жете ме?

– Соғыста болжам жасау қиын. Меніңше, ешкім соғыс қашан аяқталатынын, биыл қалай болатынын дөп басып айта алмайды.

Жаңа қарымта шабуыл бастау туралы шешімді жағдайды жақсы білетін украиналықтар қабылдауға тиіс. НАТО-ның жауапкершілігі – Украинаға қарымта шабуыл бастауға қажет қару-жарақ беру, қолдау көрсету және әскерилерге жаңа қаруды қолдануды үйрету.

Сондай-ақ Украина келіссөзде қандай шарттарды қабылдайтынын өзі шешеді. Майдандағы шайқастың нәтижесі де келіссөз үстелінде көрінеді. Сондықтан Украина ертең тәуелсіз ел ретінде келіссөзде де діттегеніне жетсін десек, бүгін әскери көмек беруіміз қажет.

–​ Украина әскери жолмен Қырымды азат ете ала ма? Украина Қырымды қайтарамыз деп шешсе, НАТО қолдай ма?

– Біз Украинаға қанша қолдау керек болса, сонша қолдау көрсетеміз деп мәлімдедік. Украинаның өз жерін, аумағын қорғау құқығын қолдаймыз. Бұл құқық БҰҰ қарарында бекітілген. Қазір көріп отырғанымыз – Украинаға қарсы басқыншылық соғысы, сондықтан Украина өз жерін қорғаймын десе, қолдаймыз. Қажет қолдауды көрсете береміз.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар