Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық бірыңғай тестілеудің мазмұны мен әдістемесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, ҰБТ-ны халықаралық тестке айналдыруды жоспарлап отыр. Бірақ, бұл өзгерістер дәл биыл немесе келесі жылы басталмайды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
«ҰБТ-ны жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. 2026 жылы оның форматына ешқандай өзгерістер енгізу жоспарланбаған. Бұл оқушылар мен ата-аналарға алдын ала ақпарат беріп, емтиханға дайындықты тұрақты форматта жүргізуге мүмкіндік беру үшін жасалып отыр», - деп хабарлады журналистерге министрліктің ресми өкілі.
Azattyq Ruhy хабарлауынша, Жалпы, ҰБТ-ны халықаралық тестке айналдыру мәселесі Нью-Йоркте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Educational Testing Service (ETS) компаниясының басшылығымен өткен кездесуде талқыланған. Кездесу қорытындысы бойынша сұхбат берген ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, ETS мамандары Ұлттық бірыңғай тестілеудің мазмұны мен әдістемесін қайта қарастырып, сапалы сұрақтар әзірлеуге атсалысады.
«Сексен жылдық тарихы бар, ең ірі тест жасайтын және тестологияны зерттейтін ғылыми орталық – атақты ETS, яғни Educational Testing Service компаниясымен кездесу өтті. Қазіргі таңда біздің ұлттық бірыңғай тестілеудің сапасын күрт өзгерту, мазмұнын толыққанды қарастыру жұмысы осы ең ірі ғылыми орталықпен бірлесіп атқарылады. Келесі айда үлкен зерттеушілер делегациясы Қазақстанға келеді. Осы жұмысты біз жүйелі түрде атқаратын боламыз», - деді Саясат Нұрбек.