Астаналық боксшылар Ливерпульде (Ұлыбритания) өткен 2025 жылғы әлем чемпионатында алтын медальдар жеңіп алды. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің ресми парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz
Санжар Тәшкенбай екі дүркін әлем чемпионы атанды. Ол алғаш рет 2023 жылы 19 жасында 48 кг салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанса, биыл Ливерпульде 50 кг салмақта бұл жетістігін қайталады.
Айбек Оралбай Қазақстан тарихына енді. Ол әлем чемпионатында суперауыр салмақта ел тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алды.
Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медальмен бірінші орынға шықты.
Жеңіс Қасымбек спортшылардың жеңісі ел абыройын асқақтатқанын атап өтіп:
«Спортшыларымыз намысты қолдан бермей, тәртіп пен еңбектің арқасында үлкен жетістікке жетті. Бұл жеңістерге бапкерлердің де қосқан үлесі зор. Астана әрқашан спортты қолдап, талантты жастардың дамуына жағдай жасай береді», — деді.
Сонымен қатар қалада Боксты дамыту орталығы жұмыс істеп тұрғанын, ал биыл Бекзат Саттарханов атындағы жаңа спорт кешені пайдалануға берілгенін атап өтті.
Әкім чемпиондарды жеңістерімен құттықтап, алдағы жарыстарда да табыс тіледі.