Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесу өткізді, деп хабарлайды Alash.kz.
Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, келіссөздер БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында өтті.
"Мемлекет басшылары екіжақты экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады", – делінген хабарламада.
Кездесуде Зеленский Украинадағы жағдайға қатысты өзінің көзқарасын білдірді.
Тоқаев бұл аса күрделі жағдайда қақтығысты тоқтатудың жолдарын іздеу мақсатында дипломатиялық жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, 10 тамызда украин тараптың бастамасымен екі ел басшылары телефон арқылы сөйлескен болатын. Сол кезде Тоқаев Қазақстанның Украинада халықаралық құқық қағидаттарына негізделген тұрақты бейбітшіліктің орнауына мүдделі екенін растаған еді.
Мемлекет басшысы Астананың бастапқыдан-ақ әділ негіздегі бейбітшілік формуласын бірлесіп іздеуді қолдайтынын, БҰҰ Жарғысын, тәуелсіз мемлекеттердің шекарасының мызғымастығын және олардың аумақтық тұтастығын сақтау қажет екенін үнемі айтып келе жатқанын еске салды.