Бокстан екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбайдың болашағына қатысты тосын жаңалық белгілі болды, деп хабарлайды Alash.kz.
2023 жылы ол 48 келі салмақта жеңімпаз атанса, араға екі жыл салып, 50 келіде тағы да алтыннан алқа тақты. Алайда қазіргі таңда Тәшкенбай өнер көрсетіп жүрген салмақ дәрежесі Олимпиада бағдарламасына енгізілмеген.
Халықаралық Олимпиада комитеті мен World Boxing қабылдаған жаңа ережеге сәйкес, енді Олимпиада жүлделері үшін тартыс 55 келіден басталады. Бұл өзгеріс қос әлем чемпионы үшін үлкен кедергіге айналды.
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов бұл жағдайға қатысты өз пікірін білдірді.
"Өте өкінішті жайт. Санжардың салмағын Олимпиада бағдарламасынан алып тастағаны көптеген мықты боксшылардың басты додадан шет қалуына себеп болды. Меніңше, Санжардың 55 келіге өтуі артық. Өйткені бұл салмақта Махмұд Сабырхан бар, әрі Санжардың өзі де толық ашыла алмайды. Оған өз салмағында қалу және қажет болса кәсіпқой боксқа ауысқан дұрыс. Ең бастысы – мансабын жалғастыруы керек. Санжардың әлем чемпионатында үшінші мәрте жеңімпаз атанып, Қазақстан тарихында ерлер арасында тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы болуына толық мүмкіндігі бар", – деді маман.