Қазақстандық жас спортшы Ұлболсын Елмұрат армрестлинг әлемінде тарихи жетістікке жетті, деп хабарлайды Alash.KZ.
Бар болғаны 16 жастағы қазақ қызы 60 кг ересектер арасындағы жарыста топ жарып, қазақстандық спорт тарихына өз есімін алтын әріппен жазды.
Финалда ол Словакиядан келген тәжірибелі спортшы, 13 дүркін әлем чемпионы Лусия Дебрановамен жолығып, сенсациялық жеңіске қол жеткізді. Желіде бұл оқиға қызу талқыланып, спорт сүйер қауым Ұлболсынның батылдығы мен табандылығына тәнті болуда.
16 жастағы спортшының мұндай жоғары деңгейде жеңіске жетуі еліміздегі армрестлингтің даму қарқыны мен жаңа буынның әлеуетін айқын көрсетеді.
Ал жанкүйерлер әлеуметтік желілерде: “Айналайын, мықты қыз! Жеңіске жете бер!”, “Жылағанын көріп, өзімнің көзімнен жас шығып кетті ғой!” , “Нар ғой, нар! Қазағымның қыз-жігіттері!” деген пікірлер қалдыруда.