Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Мемлекеттік сатып алуда ақша қалай ұрланатынын мүлде білмейтін адам жазған" - Р.Зайытов

06:36, 14 қараша 2023 198


Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасын қатаң сынады. Оның сөзінше, мемлекеттік сатып алу жариялайтын басшылар жазаланбай, дұрыс жүргізілмеген жұмыстардың салдарынан халық зардап шегіп жатыр.



Айта кетсек, бүгін Мәжіліс депутаттарының алдына Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасын таныстырған. Кеңбейілдің сөзінше, сатып алу процесін реттеуді оңайлату және бюрократиядан арылту мақсатында шағымдарды қараудың жаңа тетігін енгізу, сондай-ақ бақылаушы органның рөлін қайта қарау ұсынылып отыр. Сонымен қатар, тапсырыс берушілердің жоғары талап белгілеу фактілерін болдырмау мақсатында қолданыстағы камералдық бақылауды сақтап қалу жоспарланған. Сатып алу рәсімдерінің созылып кетуін болдырмау мақсатында қорытындыларды қайта қарау жөніндегі функция сатып алуды ұйымдастырушыға беріледі. Ұйымдастырушы базасында шағымдарды қарау жөніндегі комиссиялар құрылады.




Десе де депутаттардың жаңа құжатқа көңілі толмайтын сыңайлы.
«Мына заңды мемлекеттік сатып алуда ақша қалай ұрланатынын мүлде білмейтін адам жазған сияқты. Ендеше, ақша қалай ұрланатынын мен айтып берейін: бірінші басшы госзакупщикке «мынау конкурстан өтсін» деп тапсырма береді. Содан кейін соған сай қылып, техникалық талаптар жазады. Басқалар өтіп кетсе де, оларды әйтіп-бүйтіп қағып тастайды. Екі жақ келіскеннен кейін жұмыстың ақшасын көбейтеді, ойларына келгенін істейді. Ақыры ақша жымқырылады. Содан кейін бір кінәлі адамды табады да, өтірік соны соттай салады», - дейді Ринат Зайытов.

Депутатың айтуынша, жаңа заң жобасында жан-жақты жауапкершілікке тарту деген жоқ. Зайытов сол себепті мекеменің бірінші басшысынан бастап мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысын да жауапкершілікке тарту керек деп есептейді. Мәжілісмен сол кезде ғана жауапкершілікті басшылар сезінетінін айтады.
«Істелмей жатқан жұмыс сол күйі қалады да, біреуді соттап жібереді. Зардабын халық көреді. Біздің жақта да қаншама ауылдар әлі күнге дейін сусыз отыр. Қайтадан неліктен мемлекет беруі керек? Неліктен ол шығынды қылмыс жасаған адамдар өтемейді? Осыны өтеу жағын қарастырып, қаталдық керек», - дейді Зайытов.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар