Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру және мемлекеттік сатып алулар кезінде отандық өнімдерді сатып алуға басымдық беру қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Үкімет басшысының айтуынша, елімізде баламасы өндіріле тұра, бюджет есебінен шетелдік тауарларды сатып алуға жол берілмеуі тиіс. Осы орайда Олжас Бектенов қаржыны игеруші компания да, сатып алынатын материалдар да отандық болуы керек деген нақты қағидатты алға тартты:
«Жалпы қарапайым сөзбен айтатын болсақ, біз бюджеттен қаражат бөлсек, оны игеретін компания қазақстандық болуы керек, ол ақшаға сатып алынатын материалдар, тауарлар қазақстандық болуы керек. Болды. Оп-оңай қағидат. Оны бәріміз ұстануымыз керек», — деді Премьер-министр.
Сонымен қатар Үкімет жетекшісі қазақстандық өнімдер бола тұра импорттық тауарларға жүгіну мемлекет мүддесіне қайшы екенін қадап айтып, министрлер мен өңір басшыларына қатаң ескерту жасады:
«Ал егер Қазақстанда қандай да бір тауар өндірілетін болса, біз оны сатып алмай, импорттап алып келетін болсақ, ол мемлекет мүддесіне қайшы келетін әрекет. Оны үзілді-кесілді айту керек. Үкімет мүшелеріне және өңір басшыларына айтатыным, ескеріңіздер», — деп атап өтті Олжас Бектенов.