Жуырда ғана Еуропаның бес елін жаяу аралап, Парижге табан тіреген 76 жастағы жиһанкез Сәрсенбай Қотырашов мемлекеттік марапатқа ие болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев қарт саяхатшының отандық туризмді дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттауға қосқан ерен еңбегін атап өтіп, оған «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін салтанатты түрде табыстады. Бұл марапат – әлемдік деңгейде қазақтың қайсарлығын паш етіп жүрген жиһанкездің қажырлы еңбегіне берілген лайықты баға.
76 жастағы ақсақалдың кезекті еуропалық сапары 2026 жылдың 3 наурызында Сербиядан басталған болатын. Ол 53 күн ішінде Мажарстан, Аустрия, Германия және Франция аумағын кесіп өтіп, 3 мың шақырымға жуық жолды жаяу еңсерді. Париждегі Салтанат қақпасына жетіп, сапарын аяқтаған жиһанкезді ЮНЕСКО штаб-пәтерінде халықаралық ұйым өкілдері мен дипломаттар «тірі мұраның» жаршысы ретінде құрметпен қарсы алды. Сапар барысында жүк арбасының сынуы мен қатаң жол ережелеріне байланысты қиындықтар туындаса да, ақсақал алған бетінен қайтпаған.
Сәрсенбай Қотырашов өз мақсаты мен болашақ жоспарлары туралы былай деді:
«Болашақта Гиннес рекордтар кітабына ену деген мақсат бар. Олардың өздерінің нормативі бар, экватордың ұзындығынан ұзын болу керек, кемінде қырық мың шақырымнан асу керек. Ал менікі әзірше 18 мың шақырым. Енді болашақта жеткіземін деп, дәметіп тұрмын. Алланың берген қуатының арқасында. Мақсатым – бүкіл әлемге қазақтың қайсар екенін, төзімді екенін, батыр халық екенін дәлелдеп көрсету. Біздің халқымыздай, аталарымыздай, ғалым ешқандай жерде болған жоқтығын дәлелдеп көрсету. Себебі дүниежүзінде ең алғашқы металл тапқан біздің аталарымыз, аспанды, астрономияны меңгерген».
ЮНЕСКО өкілі Фумико Охината жиһанкездің табандылығына тәнті болып, өз лебізін білдірді:
«Біз Сәрсенбай мырзаның еңбегі мен табандылығына құрмет көрсеткіміз келді. Ол туған жерінен жаяу шығып, бірнеше елді кесіп өтіп, Франциядағы ЮНЕСКО штаб-пәтеріне дейін жетті. Оның сапары біздің «тірі мұра» жөніндегі Конвенциямыздың мәнімен үндес маңызды ойды жеткізеді деп санаймыз. Бұл – әлем халықтарының дәстүрін, тәжірибесі мен білімін сақтау және дамыту. Сәрсенбай мырзаның өзі де ұсталықпен айналысады. Бүгін онымен танысқанымызға өте қуаныштымыз».
Бұл сапар Ұлытау тумасының алғашқы жетістігі емес. Еуропалық сапар Ulytauman атымен танылған саяхатшының жолындағы төртінші ірі кезең. Бұған дейін ол еліміздің он жеті облысын түгел жаяу аралап шықты. Кейіннен Кавказ бен Грузия арқылы Түркияға, сондай-ақ Моңғолия арқылы Қытай астанасы Бейжіңге дейін барды. Қазіргі таңда жалпы жүріп өткен қашықтығы 18 мың шақырымнан асады. Ендігі кезекте ақсақал Америка Құрама Штаттарын Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейін жаяу кесіп өтуді және Гиннес рекордтар кітабына ену үшін 40 мың шақырымдық межені бағындыруды көздеп отыр.