ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин «Әділет» партиясының кезектен тыс ІІІ съезінің қорытындысы бойынша ресми мәлімдеме жасап, өзінің де алдағы сайлауға қатысатын кандидаттардың партиялық тізіміне енгенін жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Кеше Астанада үлкен маңызды оқиға болды. «Әділет» партиясының кезектен тыс ІІІ съезі өтті. Онда партияның Сайлауалды бағдарламасы мен Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді. Басқа да маңызды мәселелер қаралды.
Мен де аталған іс-шараға қатысып, съезд шешімімен партиялық тізімге ендім. Бұл – үлкен абырой, сонымен қатар зор жауапкершілік.
Осылайша, «Әділет» партиясы алдағы сайлауға Президент реформаларын жақтап, жалғастыратын кандидаттардың ең көп құрамымен қатысқалы отыр. Яғни, сайлауға түсетін 7 партияның ішінде ең көп кандидат ұсынды – 186 адам.
Бір ерекшелігі, бұрынғы жылдармен салыстырғанда тізімде әйелдер мен жастардың саны айтарлықтай көп. Мәселен, партиялық тізімге енгендердің 71-і – әйел. Ал жастардың үлесі – 26. Тек қана Президенттік жастар кадр резервінің өзінен 15 өкіл қосылған екен.
Партиялық тізімде барлық өңірдің және түрлі саланың өкілдері тегіс қамтылған. Жеке өзім үшін тағы бір ерекше жайт, кандидаттардың қатарына бұрынғы Ұлттық құрылтайдың 31 мүшесі енген екен. Барлығы да – қоғамдағы белгілі азаматтар. Олармен бірге бес жыл бойы консультативтік-кеңесші органның қатарында ынтымақтаса жұмыс істедік.
Осындай әріптестермен бір қатарда болу – мен үшін үлкен мәртебе.
Өздеріңіз байқағандай, саяси өмірге әйелдер мен жастардың қатысуы едәуір артып келеді. Жаңа тұлғалар мен тың есімдер келіп жатыр. Мұның бәрі елімізде жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси жаңғыру үдерісімен толық үндеседі.