Колумбияның Кали қаласында ауыр атлетикадан өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 15 жастағы қазақстандық спортшы Нұржан Жұмабай 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленіп, серпе көтеруден өз жас ерекшелігі бойынша жаңа әлемдік рекорд орнатты, деп хабарлайды Alash.kz.
Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ресми мәліметке сәйкес, жас отандасымыз қос сайыс қорытындысы бойынша жалпы есепте 348 келі салмақты бағындырды. Ол жұлқа көтеру жаттығуында 155 келіні еңсерсе, серпе көтеруде 193 келіні көтеріп, өз қатарластарының арасында теңдессіз нәтиже көрсетіп, рекордты жаңартты.
Айта кету керек, бұл дүниежүзілік дода дарынды қазақстандық зілтеміршінің спорттық мансабындағы ең алғашқы әлем чемпионаты болып табылады. Осы бәсекеде қос сайыстың қорытындысы бойынша 344 келі нәтиже көрсеткен Испания елінің өкілі Эрик Гуадамуд Пико күміс жүлдені қанағат тұтса, жалпы есепте 335 келіні бағындырған мексикалық спортшы Хосе Орландо Мантилла қола медальді місе тұтты.