Қырғызстанның Ош қаласында екінші әйел алу туралы бастамасына қарсы шыққан 34 жастағы төрт баланың анасы Зарнигор Закированың бетіне күйеуі қайнап тұрған шәрбат шашып, ауыр жарақаттаған оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Oтбасылық жанжал 2026 жылдың 9 наурызында орын алған. Жәбірленушінің айтуынша, күйеуі попкорн дайындауға арналып қайнатылған ыстық сиропты оның бетіне екі мәрте әдейі шашқан. Осы қастандық салдарынан денесі мен жүзін қатты күйік шалған әйел ауруханада 27 күн бойы емделуге мәжбүр болды. Оқиғадан кейін қылмыстық жауапкершіліктен қашқан күдікті Қырғызстан аумағынан шығып, Өзбекстанға өтіп кеткенімен, ағымдағы жылдың 2 маусымында құрықталды.
Ош қалалық милициясы аталған фактіге қатысты «Отбасылық зорлық-зомбылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, сот шешімімен ер азаматты бір ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдады. Зардап шеккен әйелдің мәлімдеуінше, ол басында отбасылық баспананы сақтап қалу мақсатында күйеуі ортақ үйді өзінің немесе төрт перзентінің атына заңдастырып берген жағдайда кешірім беруге дайын болған. Алайда оқиғадан кейін жолдасының туыстары тарапынан үздіксіз қысым мен қоқан-лоқы жасалған. Қазіргі таңда Қырғызстанның құқық қорғаушылары мен қоғам белсенділері бұл істің толық әрі объективті түрде тергеліп, әділ шешім шығарылуын талап етіп отыр.