Белгілі украиналық боксшы, аса ауыр салмақтағы бұрынғы абсолютті әлем чемпионы Александр Усик мансабын отбасы үшін аяқтайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
YouTube-тағы Queensberry Promotions арнасына берген сұқбатында Усик алдағы екі жекпе-жектен кейін спорттан кететінін айтты. Ол отбасымен бірге аз уақыт өткізіп жүргенін алға тартты.
"Менің екі ұлым бар: бірі – 12-де, екіншісі – 10 жаста. Ұлдарыма да, қыздарыма да керекпін. Әйеліммен, отбасыммен көбірек бірге болғым келеді. Мен отбасыммен анда-санда емес, үнемі бірге өмір сүргім келеді. Қазір алты ай жаттығу жасап, төрт ай отбасыммен боламын. Бұл менің жанұяма тым аз", – деді Усик.
Бұған дейін де Усик кәсіпқой мансабын аяқтау жайында айтқан болатын. Қазір ол WBO белбеуін қорғауы керек. Бірақ басты мақсаты – Даниэль Дюбуаға қарсы жекпе-жек өткізіп, барлық белбеуді біріктіру арқылы абсолютті чемпион атағын қайтару.