Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ұлдана Мырзуанның қазасынан кейін...»: Министрлік маңызды бастаманы қолға алды

16:46, 04 қараша 2026

Қазақстанда құрылыс сапасын бақылау және қауіпсіздік талаптарын күшейту мақсатында жаңа Құрылыс кодексі аясында қатаң шаралар іске қосылды, деп хабарлайды Alash.kz.

Үкіметте өткен жиында бұл бағыттың мемлекет үшін басты басымдық екенін алға тартқан министр Ерсайын Нағаспаев құрылыс компаниялары тарапынан болған қарсылықтарға қарамастан, бақылауды қатаңдату ұстанымын қорғап қалғандарын жеткізді. Осы орайда министр саладағы жаңа өкілеттіктер мен өзгерістер туралы мынадай ойын білдірді:

«Үстіміздегі жылдың шілде айында Құрылыс кодексі күшіне енуімен шаралар едәуір қатаңдатылды. Біз Үкімет тарапынан осы қатаң ұстанымды қорғап қалдық. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы шараларын күшейттік. Енді бізде жедел әрекет ету шаралары сияқты функциялар бар. ГАСК құрылыс алаңдарына барып, тексеру жүргізуге, құрылысты тоқтатуға және тіпті лицензияны қайтарып алуға дейін шара қолдана алады», - деп мәлімдеді Ерсайын Нағаспаев.

Реформа аясында құрылысты тоқтату процесі де түбегейлі өзгерді. Егер бұған дейін мердігерлер ГАСК-тың жұмысты тоқтату туралы нұсқамасын сотқа беріп, сот шешімі шыққанша құрылысты жүргізе берсе, енді мұндай нұсқама алған сәттен бастап жұмысты толық тоқтатуға міндеттеледі.

Сонымен қатар жаңа кодекс бойынша ғимараттарға берілетін кепілдік мерзімдері едәуір ұзартылды. Енді құрылыс компанияларының нысанға беретін жалпы кепілдігі 2 жылдан 5 жылға дейін ұлғайса, жүк көтергіш конструкцияларға, қасбеттер мен шатырларға 10 жылдық кепілдік қарастырылған. Тіпті нысанды пайдалануға қабылдау тәртібі де қайта қаралып, бұрын өзара үлестес болуы мүмкін тапсырыс беруші, мердігер, авторлық және техникалық қадағалау өкілдерінен бөлек, актіге қол қоюға мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен төтенше жағдайлар органдарының өкілдерін міндетті түрде қатыстыру енгізілді.

Министр құрылыс саласына енгізілетін бұл бақылау механизмі мен цифрландыру шаралары туралы келесідей сөзін қоса кетті:

«Ендігі міндет - осының барлығы Үкіметтің қатаң бақылауында болуы. Тәртіпті біз қамтамасыз етеміз», - деп баса айтты министр.

Талапты күшейту мақсатында құрылыс алаңдарына бейнекамералар орнатылып, цифрлық бақылау іске қосылмақ. Тіпті құрылыс құжаттамасы цифрлық форматта ресімделмесе, Қаржы министрлігі арқылы мердігерлердің шоттарын төлеуді бұғаттау механизмі қарастырылып жатыр.

Құрылыс сапасын тексерудің өзектілігі елордада орын алған қайғылы жағдайдан кейін қайта көтерілді. Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысы құлап, салдарынан бес адам зардап шеккен болатын. Оқиға орнында алғашқы көмек көрсетіп жатқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның үстіне 9-қабаттан кондиционер блогы түсіп, бойжеткен 10 күн жансақтау бөлімінде жатып, есін жинамастан көз жұмған еді.

Бұл іске қатысты құрылыс салушы компания қайта тексерістен өтетін болды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар