Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Орыстың жері»: Супермаркетте ұлтараздық тудырған Алматы тұрғынына сот шешімі шықты (ФОТО)

17:51, 04 қараша 2026

Алматыдағы супермаркеттердің бірінде күзетшімен сөзге келіп, қоғамдық тәртіпті бұзған 40 жастағы қала тұрғыны сот шешімімен 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Alash.kz NewTimes.kz ақпаратына сүйеніп.

Threads әлеуметтік желісінде кеңінен тараған бейнежазбадан кейін құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп, жанжал шығарған ер адамды полиция бөліміне жеткізген. Тәртіп сақшылары оның Қазақстан Республикасының азаматы екенін анықтады. Осы оқиғаға байланысты Алматы қалалық Полиция департаменті өкілдері мынадай ресми төл сөзін білдірді:

«Әлеуметтік желіде тараған жарияланым бойынша Алматы қаласы полиция қызметкерлері тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде Қазақстан Республикасының азаматы, 40 жастағы Алматы тұрғыны анықталып, полиция бөліміне жеткізілді», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Оқиға супермаркеттен шыға берісте антикраждық қауіпсіздік жүйесінің іске қосылуынан басталған. Төлемақы чегін тексермек болған күзетшіге энергетикалық сусын ұстаған тұрғын қазақ тілінде емес, тек орыс тілінде сөйлеуді талап етіп, дау шығарған. Тіпті сөзге келген сәтте ол шатасып, «Бұл — орыс елі» деп айтқан.

Куәгерлердің бірі оның бұл әрекетіне бірден тоқтау салып, былай деп жауап қайтарды:

«Бұл — қазақ елі, түсіндің бе? Сұрады ма — орында. Ол бұл жерде жұмыс істеп тұр, сыйлауды біл», — деді оқиға орнында болған азамат.

Ақыр аяғында күзетші чекті бәрібір тексереді. Бұл жайт әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен қарсылық тудырып, желіде оны полицияға тапсыру және тіпті елден қстап жіберу туралы пікірлер жазылды. Алайда ҚР Конституциясының 13-бабына сәйкес Қазақстан азаматы өз елінен қуылмайды. Кейбір желі пайдаланушылары жанжал шығарған азамат мас болуы мүмкін деген болжам жасаса, енді бірі қызметкерлердің де өзара сөйлесу мәдениетін сақтауы керектігін атап өтті.

Ескере кететін жайт, Қазақстанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша қоғамдық орындарда балағат сөздер айту және тиісу сияқты әрекеттерге 20 АЕК (2026 жылы 86 500 теңге) айыппұл, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамау көзделген. Ал бір жыл ішінде мұндай бұзушылық қайталанса, жаза мерзімі 60-тан 100 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмысқа немесе 15-тен 30 тәулікке дейінгі әкімшілік қамауға ұласады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар