Ақтөбедегі Неке сарайында (АХАЖ бөлімінде) қаза тапқан 26 жастағы келіншектің артында төрт кәмелетке толмаған баласы қалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Анасынан айырылған бүлдіршіндердің екеуі осы қылмысқа күдікті деп танылған азаматтан туған. Қайғылы оқиғадан кейін бұл екі бала уақытша мемлекеттік мекемеге тапсырылды. Жетім қалған бүлдіршіндердің тағдыры туралы Ақтөбе облыстық Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Амангелді Қонақбаев мынадай сөзін жеткізді:
«Отбасылық жағдайларға байланысты кәмелетке толмаған екі бала «Үміт» балалар үйіне орналастырылды. Бұл жағдай облыстық Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы мен құзыретті органдардың жіті бақылауында», — деп мәлімдеді Амангелді Қонақбаев.
Марқұмның қалған екі баласының қазір қайда екені туралы ресми ақпарат әлі жарияланған жоқ.
Кісі өлімі АХАЖ ғимаратында түс әлетінде, келушілердің көзінше орын алған. Марқұммен 3 жылдай азаматтық некеде тұрған ер азамат оған пышақ ала жүгірген. Тергеудің алдын ала болжамы бойынша, арадағы жанжал ата-аналық құқықтан бас тарту мәселесінен шыққан.
Қазіргі уақытта қылмыс жасады деген күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.