Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Нұрлыбек Әбібуллаұлы Асылбеков Денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы ресми шешімді 2026 жылдың 4 қарашасында Үкіметтің баспасөз қызметі жария етті.
Жаңа вице-министрдің денсаулық сақтау және фармацевтика саласында, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесінде көпжылдық тәжірибесі бар. Ол 2025 жылдан бастап осы тағайындауға дейін «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы лауазымын атқарған болатын. Ал оған дейін, 2022–2025 жылдар аралығында, Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасын басқарды.
Нұрлыбек Асылбеков 1966 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Ол Алматы мемлекеттік медицина институтының Шымкенттегі филиалын, М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтын және М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын 1990 жылы Шымкент облыстық «Фармация» РПП-де провизор-технолог болып бастаған. Кейін аталған кәсіпорынның басшысының орынбасары, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Фармация» АҚ аудандық филиалында бас маман әрі басшы орынбасары қызметтерін атқарды. 2000–2002 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының бас маманы болды.
2002 жылдан бастап Асылбеков Денсаулық сақтау министрлігінің Фармацевтикалық бақылау комитетінің Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарындағы және Алматы, Астана қалаларындағы басқармалары мен департаменттерін он жыл бойы басқарды.
Одан кейінгі жылдары ҚР Премьер-министрі Кеңсесі бөлімінің бас сарапшысы (2012–2015), Астана қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы (2015–2017) болды. Ал 2017–2022 жылдар аралығында Денсаулық сақтау министрлігінің орталық құрылымында жауапты басшылық қызметтерде еңбек етті.