Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ғылым, өнерімен асқандар білімсіз, өнерсіздерді білімімен жығып, аяғына баспақшы...

19:22, 07 сәуір 2024 465

Ілгері нөмерлерде Европа, Азия пат­шаларының жайынан һәм Ро­с­сия­ның ішкі, тысқы істерінің жайынан қысқа-қысқа сөйлеп, аз да болса мағлұмат бергеннен кейін енді қазақ істері жайынан сөйлемекпіз. Қазақтың кемтігі, керегі көп. Кемтігін толтырып, керегін табуға істегені аз, тіпті жоқ. Біздің керегіміздің көбі бұрынғы күйімізде болмаған, осы күнгі жайымызға қарай керек болып тұрған нәрселер.

Бұрын бізге ғылым да, өнер де қажет емес еді. Кең далада еркін жүріп, еркін тұрып, мал бағып, бар керегіміз малдан табылып, басқа нәрселерді керек қыла қоймаушы едік. Заманында сол қалпымыз жайлы да, жақсы да еді. Заман қазір де сол қалыпты болса, қазаққа ғылым, өнер керек болмас еді. Адам ғылым мен өнер үшін жаратылған емес, ғылым мен өнер – адам үшін шыққан, адамның өзі тіршілігіне керек болған кезде ойлап тапқан нәрселер. Не нәрсені де болса адам керегі болса іздеп жоқ­тайды, қажеті жоқ нәрсені кісі жоқтамайды.

…Бұрынғыдай кең даланы қазақ жалғыз меншіктеп отырған жоқ, басқаларда келіп тығылды. Басқалармен араласу енді көбейді һәм жылдан-жылға көбейіп ба­рады. Олармен араласқан соң біздің бұрын керек қылмаған нәрселеріміз ке­рек бола бастады һәм жылдан-жылға керегі көбірек бола бастады һәм жылдан-жылға керегі көбірек білінер. Өзгелерден кем болмай, тең боламын деген жұрт қатарынан қалмасқа тырысады. Тең болғанда адам болсын, жұрт болсын, білімі, өнерімен тең бо­лады. Қалыспаймын дегенде осыларымен қалыспасқа тырысады.

Тіршілік – бәсеке, жарыс. Дүние – бәйге үйлестіруші. Озғанға қарай бәйге береді. Жарыстың алды боп келген бәйгенің алдын алады, ортасы боп келген ортасын алады, соңында қал­ған бәйгеден тіпті құр қалады. Дүниенің ісі осылай болған соң адамнан адам, жұрттан жұрт, ұлттан ұлт озсам дейді. Озғанның ісі қай орында да болса, үстін түсіп, қалғанның ісін баспақшы. Ғылым, өнерімен асқандар білімсіз, өнерсіздерді білімімен жығып, аяғына баспақшы. Малымен асқандар байлығымен қамыттап жұмысына жекпекші. Біз өзімізбен өзіміз болып, басылып бара жатқанымызды, батып бара жатқанымызды бірақ білетін көрінеміз. Бізде ғылым жоқ, өнер жоқ, кәсіп жоқ. Бұлардың бұрын жоқтығы керегі болмағаннан еді. Енді де керек емес пе? Бұларды енді керек қылмасақ күні бұрын өзімізді құдайға атаған малдай, басқалардың есігіне арнап қою керек.

Оқымаған, өнерсіз, кәсіпке ебі жоқ адам басқаларға жалданған малайлықтан ба­сқа неге жарайды? Өзінде ғылым жоқ, өнер жоқ, кәсіп жоқ жұрттың да өзге ғылымды, өнерлі, кәсіпшіл жұртқа малай­лыққа жалданғаннан басқа қолынан келері жоқ. Оның шет жағасын байқаған адамдар кө­ріп те отыр. Неге басқалардан қа­зақ есігіне жүріп малай болушылар аз, басқалардың есі­гін­де қазақтан жалшылықта жүрушілер көп. Бұл басқалардың ісінің үстемдігін көрсетеді. Осыған осы бастан көз салып, ойланарға керек. Бұл жеңіл-желпі қарай, көздің қырын салып қана өтетін емес көп тоқтап қарап, мықтап ойланатын нәрсе. «Басыңның сауында бер садақасын», «Ұша алмас салсаң бүркіт томағасын» дегендей, бәледен басқа келмей тұрғанда сақтанбасақ, томаға киілген соң жөн тауып ұшу қиын болар.

Біз осы уақытта тайғақ ке­шу, тар жолда тұрмыз. Мұнан аман өтсек жұрт болғанымыз. Алаш­тың азаматы көптеп, кө­лем­деп ақылын қосып, білімін біріктіріп, ұлтын кешуден аман өткізуге жол көрсететін жері осы. Білгенін айтып, қолдан келгенін істеп, жұртын сүйемелдеп тар жерден аман өткізуге қайрат қылатын да кезі осы.

Бізде негізгі бір зор адасқандық өз ісімізді өзіміз істемей, өзгеге сен­гендік. Өзіміз жай жатып сұрай берелік дейміз де, сұрай береміз. Сұрағанын алмақ түгіл, қазақ әлі алдырумен келеді. «Жығылған күреске тоймас» деген, алмаса да қазақ сұрауын қоймайды. Сұрауда да парық бар екенін есіне де алмайды. Бір сұрау бар – ол есікте тұрып, еңкейіп бас ұрып, жыламсырап, аяныш түсіріп, көңілін жібіту жөнмен сұрау. Бұл қайыршылардың сұрауы. Оған ойланбай, қомданбай, осал, оң­тай нәрсе, тиын-сыйын бере салады. Бұл елеусіз сұрау. Екінші түрлі сұрау бар – ол төрде отырып, төбесін тең ұстап, қадіріне сүйеніп сұрау. Бұл елеулі сұрау. Бұлай сұрағанның қолқасы ес­ке­русіз жерде қала қоймайды. Сұрағанын береді, бермесе де ойланып, қиналады.

Қазақтың сұрауы бұл екі сұ­раудың қай түрі екенін өздері бі­леді. Біздің айтатынымыз: Қа­зақтың сұраудан арманы да жоқ, сұрағанын алғаны да жоқ. Сонда да әлі сұрасақ молығар едік деп қамданады. Сұрағаннан молықса, қайыршылар мо­лы­ғар еді. Қайыршылықтан байығандар бек сирек. Есіктен есікке жүріп қайыршылықпен күнелткен тіршілік қандай, өз бетінен кәсіп қып, мал жиып, өз еңбегімен күн көрген тіршілік қандай? Қайыршылықпен күн көремін деген оңбайтын адамның ісі, сұраумен молығамыз деген оңбайтын жұрттың ісі. Біз осы күнге шейін сұраумен келдік, берер деген үмітті бақтық. Сұ­ра­ғанымыз көп, алғанымыз қанша, есепке салып байқау керек емес пе? Сұрауымыз көп болып, ал­ғанымыз жоқ болса, сұрауда не ма­ғына бар? Өзгеге сенбей өл­мес жағымызды өзіміз көздеп ой­ланып, қамдану керек емес пе? Жоқ, әлде болса сұрауымыз жетпе­ген жері бар десек, толықтырып сұралық.

Сұрағанымыз қанша, сұрағаннан алғанымыз бар ма, сұ­­рамай тағы қалғанымыз бар ма, білу үшін кейінгі нөмерлерде со­ның жайын жазып өтпекпіз. Сонан соң сұрамай қалған мынадай нәрсе бар екен десек, сұрау жағын кеңесерміз. Сұрамай қалғанымыз жоқ екен. Сұрасақ та бермейді екен. Сұрағаннан еш­­нәрсе өнбейді екен десек, өн­бейтін істі қойып, өзге жолын қарас­тырып, ақылдасуымыз тиіс емес пе?

Міржақып Дулатұлы «Қазақ жайы» мақаласынан

«Қазақ» газеті, 1913 жыл, №10

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар