Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты бұған дейін шығарылған 7 жылдық түрме жазасы бостандығын шектеу жазасымен алмастырылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Атырау қалалық №2 соты 16 наурыз күні пробация қызметінің ұсынысын қарап, осындай шешім қабылдады. Соттың мәліметінше, Б. Хаменова жазасын өтеуді кейінге қалдыру мерзімі ішінде, яғни 2026 жылғы 10 наурызға дейін ешқандай заң бұзушылық жасамаған және әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған. Осы жайттарды негізге алған сот оған пробациялық бақылау тағайындауды ұйғарды.
Еске сала кетейік, Бақытгүл Хаменова 2022 жылдың қараша айында Абай Құнанбайұлының ескерткішін орнату жобасы аясында 4,5 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылған болатын. Сол кезде сот оны 7 жылға бас бостандығынан айыруға және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыруға үкім кесті. Алайда сотталушының кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны нақты өтеу мерзімі үш жылға шегерілген еді.
Бұрынғы шенеунік тергеу және сот процесі кезінде өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол алғашқы үкімге шағым түсіргенімен, апелляциялық сот шешімді өзгеріссіз қалдырған болатын. Ендігі кезекте ол жазасының қалған бөлігін пробациялық бақылауда жүріп, қоғамнан оқшауланбай өтейтін болады.