Сербия президенті Александр Вучич «Еуропа үлкен соғыстың алдында тұр» деп мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.
«Менің ойымша, біз бұдан да үлкен соғыстың алдында тұрмыз», – деді Александр Вучич Германияның Axel Springer медиаконцернінің басқарма төрағасы Матиас Депфнердің подкастында.
Ол Украинада бейбітшілік орнату үшін қандай да бір тарап нақты әрекет жасайды деп үміттенгенін айтты. Алайда бұл үміті ақталмағанын жеткізді.
«Осы уақытқа дейін бейбітшілік орнату үшін біреу қандай да бір әрекет жасайды деп үміттенген едім. Бірақ бұл болған жоқ және жақын арада да болмайды. Бұл біздің бұдан да ауқымды соғыстың алдында тұрғанымызды білдіреді», – деді Сербия президенті.
Оның айтуынша, Украинадағы соғыс жақын арада аяқталмайды.
«Мен соғыстың биыл аяқталатынын көріп тұрған жоқпын. Оның келесі көктемге дейін аяқталатынын да көріп тұрған жоқпын», – деді ол.