2025 жылы отандық әуе тасымалдаушылары 15 млн-нан астам жолаушы тасымалдады. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен шамамен 5%-ға жоғары. Жалпы, еліміздің әуежайлары 32 млн-ға жуық жолаушыға қызмет көрсетті, деп жазады Alash.kz.
MSN авторлары Қазақстандағы әуе тасымалдары секторының тұрақты дамып келе жатқанын атап өтеді. Қазақстандағы әуе тасымалдары секторы тұрақты дамып келеді. Алматы әуежайының жаңа халықаралық жолаушылар терминалы пайдалануға берілді, ол енді жылына 14 млн жолаушыға дейін қабылдай алады. Келесі жылы Астана қаласының авиациялық инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары басталады. Соның нәтижесінде алдағы бірнеше жылда Астана әуежайының өткізу қабілеті жылына 12 млн жолаушыға дейін артады. Сонымен қатар туризмді дамыту және көлік қолжетімділігін арттыру мақсатында өңірлерде әуежайлар салынуда.
Жүк тасымалына келетін болсақ, өткен жылы еліміздің әуежайлары арқылы 173,3 мың тонна жүк қабылданып, жөнелтілді. Жүк қабылдау, жөнелту мүмкіндігін арттыру үшін Қазақстан әлемнің жетекші жүк әуе компанияларын тартуда. Олардың қатарында Cargolux Airlines International және Pacific Cargo бар. Сонымен қатар елімізде әлемнің 10-нан астам ірі әуе жүк тасымалдаушысы жұмыс істейді.
Тағы бір маңызды бағыт – «ашық аспан» режимін кеңейту. Бұл тағы да шетелдік әуе тасымалдаушыларды тартуға, халықаралық бағыттардың санын арттыруға және Қазақстан әуежайларының транзиттік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Қазақстанның негізгі артықшылықтарының бірі – авиациялық отын бағасының тиімділігі. Бұл өз кезегінде транзиттік жолаушылар мен жүк ағындарын елге тартуға ықпал етеді. 2026 жылы халықаралық бағыттар желісін 30 ел бойынша 135 бағытқа дейін кеңейту жоспарланған. Салыстыра кетсек, 2024 жылы 115 бағыт болған.