Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ерлі-зайыпты мен тұңғыш қызы оқиға орнында қаза тапқан»: Алматы маңындағы қаралы оқиға туралы тың мәлімет шықты (ВИДЕО)

09:26, 27 маусым 2026

Алматы облысындағы республикалық тасжолда үш адамның өмірін қиған сұмдық жол апатына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды, деп жазaды Alash.kz.

Қайғылы оқиға Алматы – Шелек – Қорғас бағытындағы күре жолда сейсенбі күні орын алды. Алдын ала тараған ресми ақпараттарға сүйенсек, Haval маркалы автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, қарсы бағытқа шығып кеткен және Audi жеңіл көлігімен маңдайша соқтығысқан. Соққының қатты болғаны соншалық, Audi тізгініндегі отағасы, оның жұбайы (екеуі де 40 жаста) және олардың 20 жастағы үлкен қызы алған ауыр дене жарақаттарынан оқиға орнында тіл тартпай кетті.

Сонымен қатар, дәл осы көлікте отырған марқұмдардың өзге де туыстары – 19 жастағы бойжеткен, 14 жастағы жасөспірім ұлы және небәрі 10 айлық немересі түрлі деңгейдегі сүйек сынықтарымен Шелек ауылындағы №1 Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасына шұғыл жеткізілді. Медициналық мекеме басшылығының мәлімдеуінше, зардап шеккен қыздың төс сүйегі сынып, миы шайқалған, ал ұл баланың маңдай және жамбас сүйектері ығысусыз сынған, қазіргі уақытта балалардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Оқиға куәгері Шухрат Асановтың айтуынша, соққыдан кейін көлік ішінде ересектер қысылып қалған, ал сыртқа бірінші болып шығарылған сәбидің беті қан-жоса болып, қолы сынып салбырап тұрған.

Қаралы отбасының жақындары бұл қайғылы жол апатын 37 жастағы жедел уәкіл, яғни полиция қызметкері жасады деп сенімді түрде айтып отыр. Олардың пайымдауынша, күдікті 22 маусым күні ресми кезекшілікте болып, келесі күні ауысымнан шыққан соң, 23 маусым – Полиция күні кәсіби мерекесін ішімдік ішіп тойлаған және рөлге мас күйінде отырған. Соқтығысудан кейін көмекке келген куәгерлер де Haval автокөлігінің қарсы бағытта еш іркіліссіз, нық сеніммен келе жатқанын және жүргізушіден ішімдік иісі қатты шығып тұрғанын растады.

Алматы облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Дәурен Құтпанов Haval көлігінің қарсы бағытқа шығып, Audi-мен соқтығысқанын және үш адамның мерт болғанын ресми растады. Алайда, құзырлы орган әзірге күдіктінің өз қызметкерлері екенін ашық жарияламады, тек аталған факті бойынша қылмыстық тергеу амалдарының басталғанын жеткізді. Тәртіп сақшылары ауруханада жатқан жүргізушінің денсаулық жағдайы толық тұрақталғаннан кейін, оны бірден уақытша ұстау изоляторына қамауға алатындарын мәлімдеді.

Марқұмның қарындасы Анара Әбдірасулова отбасының үлкен қасіретке тап болғанын айтып, көз жасына ерік берді:

«Бауырымның өмірден өткенін енді ғана естідім. Ол сол жерде жан тапсырыпты… Олардың үш баласы бар еді. Арасындағы үлкен қызы жол апатынан көз жұмды. Екі бала ата-анасыз қалды. Біз әділдік орнағанын қалаймыз».

Апат болған жерге бірінші болып жеткен куәгер Шухрат Асанов сол сәттегі жағдайды және өзге жүргізушілердің сөзін былай деп жеткізді:

«Мен сәбидің қолының салбырап тұрғанын байқадым, сынып кеткен сияқты көрінді. Беті-қолы қан-жоса еді. Артқы жолаушылар орындығында отырған қалған екеуін қысып қалған екен. Біз оқиғаны өз көзімен көрген жүргізушілерден сұрастыра бастадық. Олардың айтуынша, Haval көлігі қарсы бағыттағы жолақпен нық сеніммен келе жатқан. Оның үстіне біз ішімдіктің иісін сездік».

Марқұмның әпкесі Гүлнәр Махаметова күдіктінің жеке басы мен оның жазалануы туралы былай деді:

«Рөлде полиция қызметкері болғанын маған қызым айтты. Ол сол күні кезекшілікте болған екен. 22-сі күні кезекшілікке түскен. 23-і күні ауысымнан шығып, 23 маусым – Полиция күнін мерекелеген. Біз оның әділ жазасын алуын талап етеміз».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар