Түркістан облысында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі кәмелет жасына толмаған балаға жыныстық сипаттағы сексуалдық әрекет жасады деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды ALASH.KZ. Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға Қазығұрт ауданында болған. Алдымен мұғалім оқушы қызға SMS-хабарламалар жаза бастаған.
Кейін шәкіртіне Шымкентке бірге барып қайтуға ұсыныс жасаған, дейді қыздың анасы. «Серуендеп келеміз» деген сөзіне сенген 8-сынып оқушысы түнгі он екіде үйден өз еркімен шыққанын мойындап отыр. Алайда ұстазының көлігіне отырғаннан кейін бағытты өзгертіп, адам жоқ алыс аймаққа алып барғанын айтады.
“Бұлар қазір өздерін-өздері қорғап, ағайларын қорғаштап, директорын да қорғап әлек. Сонда оқушылар қайда қалды? Біздің екі-үш апай ертең жұмыстан босайын деп тұр. ‘Сен ананы-мынаны айта берме, бәрібір ертең оқитын мектебің ғой’ деп қорқытып жатыр. Менің түсінігімше, бұл — қоқан-лоққы”, — дейді қыздың анасы Гүлжауан Медетбекова.
Оқиға төртінші тоқсан басталғалы бері мектеп оқушысы мектепке бармай қойған. Мұны мектеп директоры 8-сынып оқушысының күйзеліске түскенімен байланыстырады.
“Қызға педагогикалық және психологиялық көмек қажет. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл жағдайды бүкіл жұрт біліп отыр. Мектептегі құрбы-құрдастары да хабардар. Сондықтан қыз өзін қоғамнан алшақ ұстап жүр. Қыркүйектен бастап қалыпты жағдайда оқуға тартамыз”, — дейді Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің директоры Досбол Жамалов.
Қылмыстық кодекстің 122-бабы бойынша айып тағылған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қазіргі уақытта қамауда. 38 жастағы ер адамның бес баласы бар екен, оның біреуі мүмкіндігі шектеулі. Мұғалімнің еңбек өтілі — 16 жыл.
”‘Мен сені жақсы көремін’ деп, сөзі өзгеріп кетті. Содан соң құшақтап, сүйіп, кеудемнен, санымнан ұстаған болатын. Сол кезде қолын итеріп жібердім. Машина адам жоқ жерде тұрған. Ол не істеп жатқанын білмеймін, теріс қарап тұрды. Бірнәрсе болып қалмасын деп, мен өзім көліктен түсіп, үйге жақын бірінші қиылыста тоқтаттым. Үйге қарай кеттім. Үйдің жарығы жанып тұр екен, үйдегілер мені іздеп жатыр екен”, — дейді оқушы.
Ұстазынан азғындық көрген оқушыны қазір ата-анасы психологқа апаруға мәжбүр. Сонымен қатар, күн сайын тергеуге барып жүрміз дейді. Бұдан бөлек, мектептің өзге мұғалімдері тарапынан да қысым жасалғанын айтып отыр.