Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Депутаттардың 80%-ы ұйықтап отырады»: Саясаттанушы Жанұзақ Әкім өткір мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

22:01, 02 шілде 2026

Экономист әрі саясаттанушы Жанұзақ Әкім Парламенттегі депутаттардың басым бөлігінің белсенділігі төмен екенін және елдегі демографиялық ахуалдың нашарлауы болашақта Қазақстанды халықаралық саясаттағы ықпалынан айыруы мүмкін екенін ескертті, деп жазады Alash.kz.

Танымал сарапшы «Адырна» ұлттық порталына берген сұхбатында отандық Парламенттің жұмысына, елдегі демографиялық ахуал мен мемлекеттің болашақ бағдарына қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Оның пайымдауынша, Қазақстанда халық қалаулыларының санын механикалық түрде көбейткеннен қарағанда, олардың кәсіби сапасы мен жұмысқа деген белсенділігіне баса мән берген жөн.

«Мәжіліс пен Сенаттағы сайланған депутаттардың 70-80 пайызы ұйықтап отырады. Екі-үш шақырылым бойы, яғни 15 жыл депутат болып, мінберден бірде-бір өзекті мәселе көтермеген халық қалаулылары болды. Белсенділігі нөлге тең мұндай тұлғалар алдағы уақытта да Парламентке өтіп кетуі мүмкін», – деді Жанұзақ Әкім.

Саясаттанушы депутаттардың бұндай енжарлығы елдегі нақты стратегиялық бағыттың әлсіз екендігін айғақтайтынын жеткізіп, биліктің демография мәселесіне шұғыл түрде ерекше назар аударуы қажеттігін мәлімдеді. Сарапшының сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда Қазақстанда өткен ғасырдағыдай жаппай қуғын-сүргін немесе алапат аштық зобалаңы жоқ, алайда соған қарамастан демографиялық тұрғыдан құлдырау қаупі жыл санап күшейіп барады. Егер бұл түйткілге мемлекет тарапынан дер кезінде тиісті көңіл бөлінбейтін болса, оның соңы ұлттық қауіпсіздікке ауыр салдар әкелуі ықтимал.

Жанұзақ Әкім ресми стратегиялық құжаттарда Қазақстанды алдағы уақытта «қуатты орта мемлекет» ретінде дамыту туралы биік мақсаттар қойылғанымен, бұл межеге демография мәселесін түбегейлі шешпейінше жету мүмкін еместігін ашық айтты.

«Егер бұл мәселе шешілмесе, ғасыр соңына қарай Қазақстан орта мемлекет емес, халқы аз шағын мемлекеттердің қатарына қосылып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда еліміздің халықаралық саясаттағы ықпалы әлсірейді», – деп ескертті ол.

Сондықтан саясаттанушы еліміздегі кез келген саяси партия немесе ұйым демографиялық өсім мәселесін өзінің басты стратегиялық бағыттарының бірі ретінде күн тартібіне қоюы тиіс деп есептейді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар