Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Мейірбике формасын киіп, сәбиді ұрлап кеткен»: Перзентханада болған оқиға елді шошытты

20:49, 02 шілде 2026

Германияның Люденшайд қаласындағы ауруханалардың бірінен жаңа туған нәрестені ұрлап кеткен белгісіз әйелге полиция іздеу жариялады, деп жазады Alash.kz.

Оқиға Солтүстік Рейн Вестфалия федералды жерінде орын алған. Алдын ала мәліметтер бойынша, медициналық қызметкердің киімін киіп алған күдікті перзентхана палатасына еркін кіріп, өзін аурухана маманы ретінде таныстырған. Ол жас анаға сәбиді жоспарлы тексеруден өткізу керек екенін айтып, бөлмеден алып шығып кеткен. Арнайы формада болғандықтан, босанған әйел оның сөзіне еш күмәнданбаған.

Арада шамамен бір сағат өткенде, емдеу мекемесінің жанындағы көпдеңгейлі автотұрақтың баспалдақ алаңынан жеті күндік шақалақ табылды. Мүлде киімсіз қалдырылған сәби билет сататын автоматтың қасында жатқан жерінен анықталып, дереу ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер өз кезегінде баланың денсаулығын тексеріп, қазіргі уақытта оның жағдайы қанағаттанарлық екенін мәлімдеді.

Қазіргі таңда тәртіп сақшылары аймақтағы бейнебақылау камераларындағы жазбаларды мұқият зерттеп, қылмыскерді құрықтау үшін ауқымды іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құқық қорғау органдары таратқан бағыттамаға сәйкес, іздеудегі әйелдің жасы шамамен 25 пен 30-дың аралығында, дене бітімі арықша келген, бойы 170 сантиметр шамасында, ал ақшыл шашы бұрым етіп өрілген. Әзірге сәбиді не себепті алып қашқаны, яғни қылмыстың нақты мотиві белгісіз болып отыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар