Өскемен қаласындағы «Казцинк» кәсіпорнының аумағында орын алған төтенше жағдайдан кейін бес адам медициналық мекемеге жеткізілді, деп жазады Alash.kz.
Оқиға салдарынан екі жұмысшы көз жұмды, ал зардап шеккендердің бірі қазіргі уақытта реанимация бөлімінде өте ауыр халде жатыр. Құқық қорғау органдары мен экологтар апаттың себептері мен оның қоршаған ортаға әсерін зерттеуге кірісті.
Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығының бас дәрігері Мұрат Нұрбикеновтің мәлімдеуінше, ауруханаға түскен үш адам жеңіл жарақаттарына байланысты үйлеріне жіберілген. Алайда екі азамат стационарлық ем қабылдауға мәжбүр. Олардың бірі денесінің 90 пайызын күйік шалып, күйік шогын алса, екіншісі омыртқасынан жарақаттанған.
Мұрат Нұрбикенов зардап шеккендердің денсаулық жағдайы туралы былай деді:
«Екі зардап шегуші ауруханаға жатқызылды. Бірінші ер адамның денесінің 90 пайыздан астамын күйік шалған, тыныс алу жолдары, көз конъюнктивасы күйіп, күйік шогын алған. Ол қазір реанимацияда жатыр. Екіншісі омыртқасының компрессиялық сынығын алған. Ол травматология бөліміне орналастырылды. Шұғыл медициналық көмек көрсетілді».
Қайғылы жағдайдан қаза тапқандардың бірі — 1983 жылы туған Олжас Рамазанов, екіншісі — 1986 жылы туған ер адам. Сонымен қатар қала тұрғындары арасында металлургиялық кәсіпорындағы апаттан кейінгі экологиялық жағдайға қатысты алаңдаушылық артып отыр. Өскемендіктер экологтардан зерттеу нәтижелерін ашық жариялауды талап етуде.
ШҚО Экология департаменті жүргізілген талдаулардың қорытындысы бойынша атмосфераға қауіпті ластаушы заттардың таралуы тіркелмегенін хабарлады. Мамандардың айтуынша, кейбір көрсеткіштердің нормадан аздап ауытқуы байқалғанымен, бұл қала халқының денсаулығына ешқандай қатер төндірмейді. Қазіргі уақытта өндіріс аймағындағы жағдай толықтай бақылауға алынған.