Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасының өліміне қатысты Сұлтан Сарсемалиевтің әйелі, марқұмдардың қызы мен бауыры есептелетін Ақбаян Мұқағалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екені белгілі болды, деп жазады Alash.kz.
Kazinform хабарлауынша, Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, Ақбаян Мұқанғалиеваның тарапынан адам өлтіру бойынша құқықбұзушылық анықталмаған.
- Өлтіру фактісіне қатысы болмағандықтан оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылып, қылмысты хабарламау дерегі бойынша бөлек іс тіркелді. Ол бойынша құқықтық баға берілген жоқ. Ақбаян Мұқанғалиеваның күдікті ретінде ісі сараланбады. Оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ,- деді Жандар Болатбек.
Прокурордың айтуынша, Алматыда оның психикалық жағдайына байланысты сараптама жүргізілді. Дегенмен қорытынды әлі прокурорларға жетпеген.
- Сараптама қорытындысы дайын болды деген ақпар бар. Бірақ біз алған жоқпыз. Қорытынды бізге келеді, зерделенеді. Тағы да қосымша сараптама қажеттілігі туындаса қосымша сараптама тағайындалады,- деп толықтырды облыс прокурорының көмекшісі Жандар Болатбек.
Яғни, оның іс-әрекетіне психикалық жай-күйі толықтай белгілі болғаннан кейін баға берілмек.
Соңғы мәлімет бойынша, Ақбаян Мұқанғалиева Алматыдан Атырауға кері келіп, облыстық психикалық орталықта жатыр.
4 адамның өліміне күдікті деп танылған Сұлтан Сарсемалиевке қатысты сот процесі 18 мамыр күні сағат 11:00-ге жоспарланып отыр. Іс ашық форматта қаралады.