Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Берік Әбдіғали Ұлытпаудан "ұша" ма?

13:44, 05 ақпан 2024 266
Ақорда демін ішіне алып тұр. Қаңтардың ортасында Ақорданың Есіл өзеніне қараған кулуарында жаңадан құрылған облыстардың экономикалық дамуына қатысты жабық жиын өтіп, Түркістан, Жетісу, Абай және Ұлытау облыстары әкімдерінің жұмыстары сараланды. Бұл туралы DALA INSIDE арнасы жазды.

Балапанды күзде санайды демекші, жиында аталған облыстарға жауапты инспекторлардың ой-пікірлері тыңдалған.

Арнаға жеткен ақпарат бойынша, жиында Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды мен Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаевтың жұмысына жоғары баға берілді.

Ал өткен жылы жазда Абай облысында орын алған орман өрттерінен кейін облыс басшысы Нұрлан Ұранхаевтың жұмысына қатысты біраз сын айтылған болатын.
Бірақ Ұранхаев өзіне айтылған сыннан қысқа уақытта нәтиже шығарып, Ақорданың сеніміне тағы да ие болған. Осылайша Ұранхаев өзінің позициясын сақтап қалды.

Жиынға қатысушылар Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалидың жұмысына көңілдері толмайтындарын ашып айтқан. 2022 жылы маусым айында Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғали мырза Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысын жоғары деңгейде өткізіп, Ақорданың алдында сенім кредитіне ие болған еді. Бірақ Берік мырза жиын-тоймен жинаған атақ-абырой өзіне жылдар бойы азық болмайтыны есепке алмаған сыңайлы.

Өйткені жаңа облыстың құрылғанына 3 жылға таяса да, әкімдікке бағынышты кейбір мемлекеттік мекемелер әлі күнге дейін жекеменшік сауда орындарын паналап отырғаны Ақордаға ұнамаған.

Өзге облыстар басқармалар мен мекемелерге арналып, ғимараттар салып, жұмыстарын дөңгелетіп кеткен. Ал Ұлытау облысында бірқатар мемлекеттік мекемелердің жұмысын ұйымдастыру ісі әлі күнге дейін оң шешімін таппауда.

Қоғамдық өмірде ұлтжанды азамат ретінде танылған Берік Әбдіғали әкімшілік ұйымдастыру жұмыстарының бұлайша ұзаққа созып жібергені Ақорданың ашуын туғызып отыр.
Бұдан басқа облыс әкімінің жергілікті жердегі негізгі жұмыс беруші "Қазақмыс" корпорациясының басшылығына сөзін өткізе алмауы да оны тұйыққа тірей түскен.

DALA INSIDE инсайдері, шағын құрамда өткен кездесуде Берік Әбдіғалиды басқа іскер, шаруашылыққа мығым әкіммен ауыстыру мәселесі бір ауыздан қолдау тапқан деседі.
Тарихта Ұлытау облысының алғашқы әкімі ретінде қалатын Берік Әбдіғали алдағы уақытта қос шатырлы Парламентке қайта оралып, өзінің сүйікті иедологиялық ісімен айналысуы мүмкін.

Ақорданың кулуарында өткен жиында жауапты тұлғалар бір ауыздан "жақсы депутаттан, шаруақор әкім шықпайды" деген байламға келді. Ақпан айында Ұлытау облысы әкімін ауыстыру ісі бойынша Президентке тиісті ұсыныс дайындалып, тапсырылмақшы.

Бүгінде Берік Әбдіғалиды алмастыратын бірнеше кандидаттардың досьесі жан-жақты електен өтуде.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар