Асайын Қуандықұлының жеке басына, тазалығы мен адалдығына сұрақ жоқ. Оның шешімдерінде жемқорлық фактілері байқалмаған.
Әңгіме басқада. Павлодар өндірістік, техногендік проблемалары бастан асатын алып өңір. Бұл жақта барлық мәселені шешіп, апаттарды болдырмай отыру үшін бизнесмендерді босаңсытпайтын, бәрін жұдырығында ұстап отыратын авторитет, саяси "тяжеловес" керек. Соңғы рет Қанат Бозымбаев сондай фигура болған. Бозымбаев кеткелі Павлодарға тяжеловестер табылмай жүр.
Бозымбаев кезінде Павлодарда алып зауыттары бар Машкевичтерді бір қоңыраумен жинап, өздеріне артылған жауапкершілік салмағын сезіндіретін. Асайын Байханов облысқа 2022 жылдың аяғында келді. Бірақ Павлодардың жер асты байлығын сорып жатқан олигарх кәсіпкерлер Байханов бар ма, жоқ па, мүлде елемейді және білгенін жасай бастады.
Мысалы, ішінде адам толы автобус құлап кеткен Майқайындағы рудникке ие компания Кипрдегі оффшорда, Сербия азаматына тіркелген. Нақты қожайыны кім? Алтын қазатын рудникте еш қауіпсіздік ережелері сақталмаған. Олар қазған қуыстарына цемент құюы керек еді. Әкімдік өзімен-өзі отыра берген соң, әкім талап етпегеннен кейін олигархтар да артық шығын шығармай, барынша пайда сорып, қауіпсіздікті тәрк етуге үйреніп алған.
"Майқайын алтын" рудниктері сияқты апаттар Павлодар облысының басқа да өндірістік ошақтарында болуы мүмкін. Сол себепті, бұл жаққа сөзі өтетін, шаруақор, саяси салмағы бар кандидат іздестіріле бастады.
Асайын Байхановтың ауыл шаруашылығы саласында біліктілігі мықты. Сондықтан оны өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша пайдалану идеялары да айтылды. Оған Асайын Қуандықұлы келісе ме? Ол жағы белгісіз.
Өңірлердегі ауыс-түйістердің алғашқысы осы Павлодардан басталады деген болжам бар. Оны да көре жатармыз.