Қызылордадағы балалар ауруханасында 14 жастағы оқушы Кәмшат Сераш көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиғаның басы биылғы шілде айында басталған. Жеткіншектің басы қатты сырқырап ауырып, тоқтаусыз құсқан соң, ата-анасы оны жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізген. Алайда дәрігерлер науқастың асқазаны ауырған деген болжам жасап, соған сай ем-дом белгілеген. Сол түні жағдайы күрт нашарлаған қыз жансақтау бөліміне түсіп, бір апта бойы есін жимастан қайтыс болған.
Кейін жүргізілген тексерулер нәтижесінде жасөспірімнің өліміне асқазан ауруы емес, миына көп мөлшерде қан құйылуы (инсульт) себеп болғаны белгілі болды. Марқұмның жақындары ақхалаттыларды жағдайды дұрыс бағаламай, уақыт созып алды деп айыптайды.
Қайғыдан қан жұтқан отбасы ақхалаттылардың салғырттығы өлімге әкелді деп есептейді. Марқұмның әкесі Талғатбек Жұмабек бұл жайтқа қатысты:
«Неврология бөліміне жатқызылуы керек баланы гастроэнтерология бөліміне орналастырған. Ешқандай аппаратпен тексермеген. Қан көп мөлшерде құйылып, жағдайы үшінші сатыға жеткен кезде де құсуға қарсы дәрілер берген. Оның бәрі кері әсер етіп, инсультін асқындырып жіберген. Менің ойымша, бұл жерде балалар ауруханасының педиатр дәрігері кінәлі. Диагнозды дұрыс қоймаған», — деп ренішін білдірді.
Ата-анасы уақытылы әрі дұрыс диагноз қойылғанда қыздарын аман алып қалуға мүмкіндік болатын еді деп санайды. Қазіргі уақытта балалар ауруханасының әкімшілігі оқиғаға байланысты нақты түсініктеме бере қойған жоқ. Ал марқұмның отбасы қызының өліміне себепкер болған кінәлі мамандардың заң алдында жауапқа тартылуын талап етіп отыр.