Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты жаңалығын бөлісіп, әлем чемпионатында топ жарған қазақстандық қос балуанды жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Alash.kz.
АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашрапов алтын медаль жеңіп алып, көк байрағымызды биікте желбіретті. Министр қос спортшының жеңісін ел мерейін асырған айтулы жетістік деп бағалап, жастарға ізгі тілегін білдірді.
«АҚШ төрінде көк туымыз желбіреді!
Бір әлемдік додада екі бірдей балуанымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Юсуф Ашрапов пен Айбек Айтбеков 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, Қазақстанның мерейін асырды!
Айбек Айтбеков Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алса, Юсуф Ашрапов М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің студенті. Қос чемпион ел намысын абыроймен қорғады.
Мағжан Жұмабаевтың «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты» деген жыр жолдары осындай жастарға арналғандай. Ақынның «Мен жастарға сенемін!» деген сөзі Юсуф пен Айбек секілді өрендердің жеңісімен үндесіп тұр.
Жеңіс тұғырындағы чемпионға қарап, спортқа қадам басатын студенттер көбейсін. Қазақстандық жастардың есімі ғылымда да, білімде де, спортта да таныла берсін!
Юсуф Ашрапов пен Айбек Айтбековті, олардың жаттықтырушыларын және жақындарын әлем чемпионатындағы жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын!
Алтын медальдарың құтты болсын, жігіттер! Көк туымызды әлі талай әлемдік додада желбірете беріңдер!», – деп жазды министр.