Петропавлда адам өлімімен аяқталған қайғылы жол-көлік оқиғасына байланысты 75 жастағы зейнеткерге қатысты сот шешімі шығып, ол сот залынан тікелей қамауға алынды, деп хабарлайды Alash.kz.
Осыдан шамамен бір жыл бұрын кешкі уақытта 50 жылдық жүргізушілік өтілі бар қария Kia Rio автокөлігімен келе жатып, жолдың жүру бөлігінде еңбектеп бара жатқан 49 жастағы ер адамды қағып кеткен. Оқиға куәгерлерінің баяндауынша, қайғылы жағдайдың алдында ғана бір әйел зардап шегушіге жол жиегіне шығуға көмектескен, алайда ол қайтадан жолға қарай еңбектеп шығып кеткен. Сараптама қорытындысы қаза тапқан азаматтың қанында алкоголь болғанын растады.
Соққыдан соң тоқтамаған жүргізуші әрі қарай жүріп кетіп, кейін қайта оралып, оқиға орнынан тағы да кете қалған. Алынған ауыр жарақаттардың салдарынан зардап шегуші жедел жәрдем көлігінің ішінде тіл тартпай кетті.
Сот процесі барысында 75 жастағы жүргізуші өз кінәсін мойындаудан бас тартып, қарсы бағыттағы көліктің шағылысқан жарығынан жолдағы адамды байқамай қалғанын, ал соққыны ит қағып кеттім немесе құдық люгіне соғылдым деп ойлағанын алға тартты. Оның айтуынша, болған трагедия туралы ол арада бір сағат өткенде полиция қызметкерлерінен білген.
Дегенмен сот бұл уәждерді теріске шығарды. Тексеру барысында жолдың бұл бөлігінің өте жақсы жарықтандырылғаны, ал зейнеткердің жол қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзып, көліктің шамдарын қоспай жүргені толық дәлелденді.
Сот үкімімен 75 жастағы азамат қауіпсіздігі төмендеу мекемесінде 2 жылға бас бостандығынан айырылып, 2 жылға көлік басқару құқығынан шектелді. Сонымен бірге сотталған азаматтан марқұмның қарындасының пайдасына 8 миллион теңге моральдық өтемақы, 303 мың теңге материалдық шығын және 60 мың теңге адвокаттық шығын өндірілді.
Қазіргі таңда бұл сот үкімі заңды күшіне енді.