Әскери техника өндірісімен айналысатын екі отандық кәсіпкер арасындағы кикілжің сотқа жетіп, соңы үкіммен аяқталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Былтыр әскери салада кәсіп жүргізетін Айбек Барыс пен Марат Есімсейітовтің арасында түсініспеушілік туындаған. Кейін тараптар өзара тіл табысып, мәселені шешкендей болғанымен, 2025 жылдың 25 желтоқсанында кешке Айбек Барыс Марат Есімсейітовке қоңырау шалып, дөрекілік көрсеткен. Артынша WhatsApp мессенджері арқылы үш бірдей аудиохабарлама жолдаған.
Жүргізілген сараптама нәтижесінде бұл хабарламалардың негізінен бейәдеп балағат сөздерден тұратыны және Барыстың дөрекі сөздерді қайталағаны анықталды. Хабарламаларда кездесуге шақыру мақсаты болғанымен, М. Есімсейітов бұл ұсыныстан бас тартып, аудиожазбаларды нотариус арқылы ресми түрде тіркеткен де, сотқа арызданған.
Сот барысында Айбек Барыс тағылған айыппен мүлде келіспей, өз ұстанымын қорғады. Оның адвокаттары хабарламалар өзінің нөмірінен жіберілгенімен, оны міндетті түрде өзі жазғанын білдірмейтінін алға тартты. Сонымен қатар, қорғау тарапы судья мен сарапшыға қарсылық білдіріп, әлеуметтік желідегі аккаунттардың бұзылғанын мәлімдеді, тіпті Жоғарғы сот төрағасына арнайы анықтама жолдауды және дауды бокс алаңында шешуді ұсынған. Дегенмен бұл әрекеттер сот шешіміне ешқандай әсер етпеді.
Бірнеше айға созылған сот талқылауының қорытындысы бойынша Айбек Барыс қорлау әрекеті үшін кінәлі деп танылып, 60 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегілу жазасына кесілді. Алайда кейін апелляциялық инстанция сотталушыны рақымшылыққа ілігуіне байланысты тағайындалған жазадан толықтай босатты. Осылайша, іс бойынша аталған азамат қорлау әрекеті үшін кінәлі деп танылғанымен, қоғамдық жұмысты өтемейтін болды. Сонымен бірге, сот процесі кезінде белсенділік танытқан адвокаттар Тимур Айтен мен Магамед Ханаевқа қатысты да жеке қаулы шығарылды. Бүгінгі таңда бұл сот үкімі заңды күшіне енді.