Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бүгін – Сәкен Сейфуллиннің туған күні (ВИДЕО)

11:17, 15 қазан 2026

Бүгін – қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы әрі драматург Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллиннің туған күні, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

Қарағанды облысының Ақадыр (қазіргі Шет) ауданындағы Қарашілік қыстағында дүниеге келген біртуар тұлға артына өшпес із қалдырды. Ол Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш мектептер мен қалалық училищеде білім алып, Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» ұйымының жетекшілерінің біріне айналды. Алғашқы «Өткен күндер» өлеңдер жинағы 1914 жылы Қазақстанда емес, Қазан қаласында басылып шықты.

Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы арпалыс пен күреске толы болды. Ақтар көтерілісі кезінде тұтқынға түсіп, атаман Анненковтың «азап вагонынан» және 1919 жылы адмирал Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шықты. Көп ұзамай жаңа үкімет құрамына белсене араласып, Қазақ КСР-і Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы Төрағасы лауазымын атқарды.

Оның атқарған мемлекеттік және ағартушылық қызметтерінің ауқымы өте кең болды. Ол «Еңбекші қазақ» газеті мен «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Ғылым орталығының төрағасы қызметтерін атқарды. Сонымен қатар Қызылорда мен Ташкенттегі педагогикалық институттарды басқарып, Коммунистік журналистика институтының профессоры атанды. Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясын басқарып, оқулықтар жазу ісіне де белсенді қатысты.

Ақын поэзия мен драматургияға түбегейлі жаңалықтар енгізді. «Асау тұлпар», «Домбыра», «Экспресс» жинақтары мен «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» пьесалары жарық көрді. Оның «Көкшетау», 30-жылдардағы асыра сілтеуді сынаған «Қызыл ат» дастандары, сондай-ақ «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы» туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. Ал патшалық езгіге қарсы күресті баяндайтын «Тар жол, тайғақ кешу» романы – тарихи-мемуарлық жанрдың озық үлгісі.

Сондай-ақ ол ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтап, «Қазақ әдебиеті» атты алғашқы зерттеу еңбегін жазды. М. Қаратаев, Қ. Бекхожин, Ж. Саин сияқты жас қаламгерлерге қолдау көрсетіп, алғысөздерін жазып берді. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің бірінші онкүндігіне қатысып, қазақ жазушыларының арасынан тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Тағдыр тәлкегімен 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, Алматыда атылған арыс 1958 жылы толықтай ақталды. Бүгінде Астана қаласында Сәкен Сейфуллин музейі жұмыс істейді, сонымен қатар еліміздегі көптеген елді мекендер, театрлар, мектептер мен көшелер Алаш арысының есімімен аталады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар