Күдіктінің қорғаушысы әскери қызметшіні толық ақтауды сұраған болатын.
Бүгін Алматы гарнизоны әскери соты оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне байланысты сотта айыпталушы Арман Жұманды ақтады.
Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханның айтуынша, сот оны жауапқа тарту жөнінде Қылмыстық кодекстің 119-бабы ("қауіпті жағдайда қалдыру") бойынша жеке қаулы шығарған. Адвокат Жанғазы Күнсеркин сот үкіміне апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Ол айыпталушы Арман Жұманның қалай ақталғаны әлі белгісіз екенін, жақын арада үкімді қолына алатынын айтқан.
Былтыр Қаңтардағы жаппай наразылық пен дүрбелең кезінде Айдос Мелдеханның балалары отырған көлікке әскери қызметкерлер оқ жаудырған. 16 жастағы қызы жараланып, 4 жастағы Айкөркем оққа ұшқан, 8 жастағы ұлы шошынған.