Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері ӨКҚ алаңында жылдың спорттық нәтижелері мен 2024 жылға арналған жоспарларын мәлімдеді.
Бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Жүнісовтың айтуынша, биыл балалар және бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
«Облысымызда бүгінде 537 спорт нысаны бар. Өткен 2023 жылы маңызды нысандар пайдалануға берілді, оның ішінде Ақсуат және Қайнар ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Үржар ауданы Қабанбай ауылында спорт модулі, сондай-ақ Үржар ауылында жүзу бассейні пайдалануға берілді. Демеушілік қолдауымен Семей қаласында «Әлем» спорт кешені мен BURA жекпе-жек залы салынды. Шульба кентінде «Самұрық-Қазына» қорының қатысуымен көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы аяқталды», - деді бөлім басшысы.
Ол қазір «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында тағы 4 спорт нысанының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ Дене шынықтыру, жоғары спорттық жетістіктері және спорт резерві бөлімінің басшысы Марлен Маратовтың сөзінше, жаңа спорт нысандарының бой көтеруімен қоса, спортпен шұғылданатын адамдардың саны айтарлықтай өскен.
«Өткен жылы спортпен тұрақты айналысатын азаматтарды қамту 42 пайызды құрап, 4 пайызға өсті», - деді ол.
2024 жылы 5 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде Курчатов және Шар қалаларында, Бесқарағай, Петропавл және Қалбатау ауылдарында салынады.
«Қазіргі таңда Семей қаласындағы Локомотив стадионының аумағында көпфункционалды спорт кешенінің құрылысын және облыстың әртүрлі аудандарында басқа да спорт модульдерін қоса алғанда, 11 объектіге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді Марлен Маратов.