"Астанадағы зәулім сарай бас имамдікі" деп тик-токты шулатқан таксистке 700 мың теңге айыппұл салынды, деп жазады Alash.KZ.
Жуырда желіде Астана қаласының бас имамының зәулім үйі, төрт әйелі бар екені жайлы видео тараған. Алайда, видеодағы ақпарат жалған болып, оған 707 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқаны үшін Б-ға қатысты істі қарады. Оған ӘҚБтК 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік жүктелді.
Сот анықтағандай, құқық бұзушы әлеуметтік желіде зәулім үйдің бейнеролигін жариялап, оны халықтың қайырымдылыққа берген қаражатына салынған үй ретінде көрсеткен. Сондай-ақ, ол бұл үйдің Астана қаласының бас имамына тиесілі екенін мәлімдеп, жалған ақпарат таратқан.
Сот барысында Б. өз кінәсін толық мойындады. Ол үйдің кімге тиесілі екенін және оның қандай қаражатқа салынғанын білмейтінін, бейнероликті тек «көру үшін жариялағанын» айтып, өкініш білдірді.
Сот құқық бұзушының кінәсін мойындауын және өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
«ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігіне сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін 180 айлық есептік көрсеткіш (707 760 теңге) көлемінде айыппұл немесе 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған. Сот қаулысымен Б.-ға 180 АЕК мөлшерінде (707 760 теңге) айыппұл салынды. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ», - делінген сот хабарламасында.
Еске салсақ, бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Астана қаласының бас имамы тұрады деген зәулім үйдің видеосы тараған. Елорданың бас имамы Ерболат Жүсіпов мәлімдеме жасап, бұл жалған ақпарат екенін айтқан еді. Күні кеше елорда төріндегі зәулім сарайдың иесі табылды. Халыққа видеоүндеу жазған ер адам зәулім сарай Астананың бас имамы емес, өзінікі екенін және аты-жөні Нұрлан Леспекұлы екенін айтқан. Ал ол «Зекет қорының» бұрынғы басшысы болып шыққан еді.