Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Артық сөздер де айтылды": Тоқаев Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды (Видео)

15:13, 07 ақпан 2025 285
 

Мемлекет басшысы бүгін, 2025 жылы 7 қаңтарда отандық бизнес өкілдерімен болған кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды, деп жазады Alash.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс", - деді Мемлекет басшысы.

Президент Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс екенін де нақтыланады.

"Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүған дейін кәсіпкерлер бірлескен отырыс өткізіп, оның қорытындысы бойынша қосымша құн салығының 20 пайызға көтерілуіне қарсы екендіктерін жариялаған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар