Алматыда кәмелетке толмаған төрт бала жетім қалды. 2022 жылы қанды қаңтар оқиғасы кезінде олардың әкесі оққа ұшып, алған жарақатынан көз жұмған еді. Ал күні кеше аналары Сая Бауыржанқызы жол апатынан қаза тапты. Қайғыдан қан жұтқан әулетке көңіл айтушылар қатары көп болды, солардың бірі — Qazaq Stroy компаниясы,деп хабарлайды Alash.kz Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап.
Qazaq Stroy ұжымы ата-анасынан айырылған балаларға 95 шаршы метрлік үш бөлмелі пәтер сыйлады.
“Енді балалар өздерінің жылы әрі жайлы үйлеріне жайғасады”, — деді Qazaq Stroy басшысы Нұрлан Артықбаев.
Сонымен қатар Qazaq Stroy басшысы балаларға ай сайын 100.000 теңге көлемінде көмек көрсету туралы шешім қабылдады.
Нұрлан Артықбаев бұл әрекетін қазақ ұлтының бірлігі мен көмегі ретінде атап өтті.
“Біз балаларға ата-анасын қайтарып бере алмаймыз. Алайда олардың болашағының жарқын болуына барымызды саламыз. Біз — қазақпыз, біздің күшіміз бірлікте. Осы үй балаларға жайлылық пен үміт ошағы болсын. Аь біздің көмегіміз әлемде жақсы адамдардың бар екенін еске салып, болашақтарына сенім ұялатса дейміз”, — дейді ол.
Бүгін Qazaq Stroy өкілдері пәтер кілті мен сертификатты балаларға табыс етті.