Ақмола облысында ер адам жол қозғалысы кезінде инсульт алған, - деп хабарлайды Alash.kz "Polisia.kz"- ке сілтеме жасап.
Степногорск – Заводской тас жолында патрульдеу барысында Степногорск қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция взводының қызметкерлері траекториядан ауытқып келе жатқан көлікті байқаған.
Жүргізушіге шұғыл көмек қажет болуы мүмкін деп күдіктенген тәртіп сақшылары көлікті тоқтатып, жағдайды анықтауға кіріседі.
"Күдік расталып, рөлдегі ер адамның жағдайы күрт нашарлағаны белгілі болды. Ол есінен танып, айналасында не болып жатқанын түсінбеген. Полицейлер жүргізушінің инсульт алуы мүмкін деп болжап, жедел әрекет етті", - делінген хабарламада.
Уақытты жоғалтпай, тәртіп сақшылары жедел жәрдем шақырып, оқиғаның төтенше жағдай екенін хабарлайды. Сонымен қатар, ер адамға таза ауа беріп, алғашқы көмек көрсетуге тырысады. Оның жанында болған жұбайы қажетті дәрі-дәрмектердің қайда екенін айтып, полицейлер оларды дереу тауып береді.