Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Семейде шырша безендіру кезінде биіктен құлап, жарақат алған Қуат Айтқалиевке қандай әлеуметтік көмек төленіп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Alash.kz.
Министрліктің хабарлауынша, Абай облысы білім басқармасының Семей қаласы білім бөлімінің № 49 жалпы орта білім беретін мектебінің жұмыскері Қуат Айтқалиев 12 желтоқсанда 352 767 теңге толық жалақысын алды.
21 желтоқсанда болған жазатайым оқиғадан кейін жұмыскер Қ.Айтқалиевке мектептің бастауыш Кәсіподақ ұйымы тарапынан 50 мың теңге ақшалай көмек көрсетілген.
Бұл жайлы Kazinform мәлімдеді.
Орайы келгенде айта кетейік, ресми мәліметтен мұғалімнің айлығы жүріп жатқанын аңғаруға болады.
— Осы қаңтар айында жұмыскерге 100% еңбекақысы 369 893 теңге көлемінде беріледі. Онымен қоса Абай облысының білім басқармасы мен Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағына қарасты Абай облысының кәсіподақ ұйымы арасындағы әлеуметтік әріптестік туралы келісім шарт негізінде 10 күннен астам стационарлық немесе амбулаториялық емдеу шығындарына 15 АЕК (59 980 теңге) көлемінде төленеді. Сондай-ақ, денсаулығына байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңінде 100% жалақысы төленіп отырады, — делінген министрліктің жауабында.
Еске салсақ, 22 желтоқсанда семейлік мұғалім шырша безендіру кезінде ауыр жарақат алған еді. Соңында бұл жағдайға мектеп директоры кінәлі болып шықты.