Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«18 бала бір мезетте асық атты»: Астанада ерекше форматтағы ұлттық мереке өтті

19:10, 17 наурыз 2026

Елорда төрінде Ұлттық спорт күніне орай бұрын-соңды болмаған ғаламат мереке өтіп, 18 мыңнан астам өрен бір мезетте асық атты, деп жазады Alash.kz.

Ж. Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайының кең алаңында 3000 бала «Алтын сақа» атты әсерлі флешмоб ұйымдастырып, ақ асықтың алшы түскен кескіні мен айшықты жазуларды бейнелеген тізбек құрады. Күй күмбірі мен әуезді музыка ырғағына тербелген балғындар ұлттық ойынның ажарын аша түсетін би қимылдарын орындап, көрерменге ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады. Бұл кештің тағы бір жаңалығы бағдарламаны Айдар есімді жасанды интеллектің жүргізуі болды.

Цифрлық технология мен дәстүр сабақтасқан сәтте жасанды интеллект қаланың барлық білім беру ошақтарына белгі беріп, асық ойынының басталғанын ресми түрде жария етті. Осы сәтте Астананың түкпір-түкпіріндегі мектептер мен балабақшаларда 18 мыңнан астам жеткіншек асық атып, ұлы даланың көнеден жеткен асыл мұрасын жаңғыртты.

Қала әкімдігінің ресми сайты хабарлағандай, бұл ірі мәдени-спорттық шара жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті егіп, ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылығын оятуды мақсат етті. Сақасы сай, асығы алшы түскен мыңдаған баланың бұл қадамы ата-баба дәстүрінің мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, елорда аспанын мерекелік шаттыққа бөледі.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар