Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Әбдалиев ұшақ бортында есінен танып қалған жолаушыға дер кезінде медициналық көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға 8 шілдеден 9 шілдеге қараған түні, сағат түнгі он екілер шамасында, Атыраудан Алматыға бағыт алған рейсте болған. Ұшақ көкке көтерілгеннен шамамен бір сағат өткен соң, жолаушылардың бірі – егде жастағы әйел кенеттен өзін нашар сезініп, есінен танып қалған.
Бортсеріктер дереу дәрігер іздестіріп, көмек сұраған. Сол сәтте көмекке Қайсар Әбдалиев пен алматылық "Arshamed" емханасының дәрігері Закира Анық келіп жеткен.
Медицина мамандары шұғыл әрекет етіп, жолаушыға алғашқы көмекті көрсетті. Олардың кәсіби біліктілігінің арқасында әйелдің жағдайы тұрақталып, өміріне қауіп төнбеген. Қазіргі уақытта науқастың денсаулығы қалыпты.