Алматы қаласы Жетісу ауданындағы «Көкжиек» құрылыс нысанында орын алған қайғылы жағдайдан кейін қаза тапқан Бейбіт Жұмабаевтың жақындары тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп, қоғамнан қолдау сұрады, деп хабарлайды Alash.kz.
Марқұм аталған нысанда Time Group Construction компаниясының атынан еңбек еткен. Қара жамылып, үш баламен жесір қалған Ақбота Тәжіман оқиғаның түскі уақытта болғанын және оның мән-жайын былайша жеткізді:
«Оқиға түскі уақытта болды. Ол бетон құйып, өз жұмысымен айналысып жатқан кезде тоқ соққан. Соның салдарынан құлап, көз жұмды».
Қазiргi кезде аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 277-бабы 2-бөлігі (тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Дегенмен марқұмның отбасы еңбек инспекциясының қорытындысына үлкен күмәнмен қарайды. Себебі құрылысшы мен компания арасында ресми еңбек шарты жасалмаған. Жақындары жұмыс беруші тарап құжаттың жоқтығын желеу етіп, жауапкершіліктен бұлтаруы мүмкін деп алаңдайды.
Бұл тұрғыда марқұмның ағасы да өз пікірін білдіріп, істі жабуға жол бермейтіндерін айтты:
«Еңбек шартының болмауы оның ол жерде жұмыс істемегенін білдірмейді. Оның нысанда болғанын растайтын материалдар бар, куәгерлер бар. Мұның бәрін жай ғана жоққа шығару мүмкін емес».
Сондай-ақ марқұмның жұбайы оқиғадан бері серіктестік басшылығынан ешкімнің келіп көңіл айтпағанын, жағдайды түсіндіруге тырыспағанын айтып, ашына сөйледі:
«Істі бұрмалап жібере ме деп қорқамыз. Кінәлі болуы мүмкін адамдардың ешқайсысы маған келмеді. Оларды көрген де жоқпын. Қанша уақыт өтсе де, ешкім тіпті кешірім сұраған жоқ. Заңды әйелімін, үш баламен қалдым. Бұл істің қоғам назарында болғаны өте маңызды».
Қазіргі таңда тергеу шаралары аяқталған жоқ. Марқұмның жақындары құрылыс алаңында техникалық қауіпсіздік ережелерінің неге сақталмағанын, жұмысшының не себепті ресми тіркеусіз істегенін және оны тоқ соғу себептерін толық әрі ашық анықтауды талап етуде.