Күні бүгінге шейін алынған қазақ жігіті Земски союзға тапсырылған жоқ. Бұл жігіттердің дәл қайда екені З[емски]. союзға белгісіз. Күнбатыс фронтында, Минскі қаласы тұсында, Орша деген қалада Земски союзға қазақ жігіті тапсырылмақ деседі. З[емски] союз алатын жігіт саны 90–100 мың. Мұнан өзге қазақ жігіті әскери мекемелердің қарауында болуы мүмкін.Мұнан артылғандары әр жерде теміржолда болатын. Земски главный комитет бұратаналардан алынған жігіттердің жабдығында болатын бір бөлім жасалмақ.
Мұның председателі кнәз Львов болады. Кнәз орынбасары бөлім басы болады. Бөлімге бұратана жайын һәм өз бөлімін білетіндерден 4 адам болады. Земгор, яғни Земски һәм городской союздың инженерный бөлімінен 2 адам болады һәм 4 фронттан өкіл болады. Бұл бұратана бөлімінің істейтін ісі мынау:
1) Қазақ, сарт, бұрят алынған жерде тамақ беретін, ауру-сырқатын қарайтын орындар ашады;
2) Мұндай орындар бұратана жігіті жүретін жолдарда,теміржол стансаларында ашылады;
3) Жұмысшылардың қызмет қылып тұрған жерлерінде әртүрлі жәрдем береді;
4) Қазақ даласында, Түркістанда, Бұрят жерінде тұрған жұрттан өзіне көмекші сайлап жұмысшыларға тамақ, киім, жылқы һәм қой еті, ірімшік, құрт, шекпен, тері шалбар, тон,тымақ, киіз сатып алады. Артында қалған туған-туысқандары мен кеткен жігіттердің арасында хат-хабар жеткізіп тұрады.
Бұл Земски союз бастаған жақсы қызметті атқаруға бізден,қазақ баласынан зор қызмет керек. Елде ақсақал, жұрт азаматы қосылып, мына Земски союзға қызметші, көмекші болғаны оң. Біздің қазақтың бар дәрігері қазақ жігіті үшін Земски союзға қызметші болса, орын табылатын көрінеді. Фелдшер бауырларым да дәрігер-доктор ағаларынан қалмас. Бөтен жерде шөп шауып, жер қазып ауырған қазақ баласына өз тілін білетін дәрігер, фелдшер аса қымбат. Бұлардан да Земски союзға орыс тілін білетін жастар көп керек. Бұлар мыңбасы, жүзбасы, переуодшик болады.
Земски союзға қызметкерімізді бердік деп «Қазаққа» (нөмір 201) хат жазған қазақ студенттері: Шапқат Бекмұхамет баласы – Бөкейлік, Әубәкір Иманбай баласы – Торғай, Мұқыш Пошта- бай баласы – Семей, Базарбай Мәмбет баласы – Жетісу, Ғайса Қисық баласы – Торғай,Махмұт Шынтай баласы – Бөкейлік, Мұхаметқазы Шынтай баласы – Торғай, Сұлтанбек Мәнкелді баласы – Түркістан.
Осылардың әрқайсысы өз елінің жігіттерімен болғаны оң болады-ау деймін. Осы жақсы бауырларымның жақсы жолын қабыл алған ұлтшыл жастар тағы табылар деген зор үміт! Бауырларым, дені сау, жас шақтарыңда жұрт үшін шауып қал!
Менің Мәскеудегі адресім: Земски союз, Главный комитет.
Әлихан БӨКЕЙХАН
«Қазақ» газеті, қазан, 1916 жыл.
Мәскеу қаласы.
Дереккөз: Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866-1937).
Шығармаларының 9 томдық толық жинағы.VI том.– Астана, 2013
Alash.kz ұлттық порталы