Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев қазақстандық параспортшыларды Бразилияда өткен бочча спортынан Әлем кубогындағы тарихи жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Alash.kz.
Отандық параспортшылар халықаралық додада алғаш рет алтын және күміс медаль иеленді. Қуаныш Аскарбеков алтыннан алқа тақса, Итиана Шыңғысханова күміс жүлдеге ие болды.
Мәулен Әшімбаев бұл тарихи жеңіс елдегі параспорттың дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Достар, бүгін біз үшін үлкен қуаныш! Қазақстан Бразилияның Сан-Паулу қаласында өткен бочча спортынан Әлем кубогында алғаш рет алтын және күміс медаль жеңіп алды!
Қуаныш Аскарбеков алтын медаль иеленсе, Итиана Шыңғысханова күміс жүлдеге қол жеткізді.
Бұл – қазақстандық боччашылар үшін тарихи жеңіс әрі еліміздегі параспорттың дамуына серпін беретін маңызды белес.
Қуаныш, Итиана, жарайсыздар! Бұл жеңістің артында орасан зор еңбек, қайсар рух, табандылық пен өз күшіне деген сенім жатыр.
Параспортшыларымызды, жаттықтырушыларды, ата-аналарды, Қазақстанның Бочча федерациясындағы әріптестерімізді, серіктестер мен демеушілерді және, әрине, барша жанкүйерді шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – баршамызға ортақ жеңіс! Алдағы уақытта да параспортшыларымызға жаңа мүмкіндіктер жасап, Қазақстанда бочча спортын дамыту жолындағы жұмыстарымызды жалғастырамыз.
Алда әлі талай жеңіс пен жаңа жетістіктер күтіп тұр.
Алға, Қазақстан!», – деп жазды Мәулен Әшімбаев.