Қостанайдағы Жастар сарайының жанында орнатылғанына әлі көп уақыт бола қоймаған мемлекеттік ту қатты желдің салдарынан зақымданып, діңгектен алынды, деп хабарлайды Alash.kz.
Республика күні – 25 қазанда салтанатты түрде ашылған бұл зәулім флагштоктың жұмысы мен күтіп-ұсталуы жергілікті мамандар үшін әлі үйреншікті емес екені белгілі болды. Өткен демалыс күндері соққан ұйтқыған желдің кесірінен автоматты механизм матаны өздігінен төмен түсіргенімен, тудың жыртылып үлгергені анықталды. Тұрғындар тарапынан да бұл жағдайға қатысты шағымдар түскен болатын.
Қала әкімі Марат Жүндібаев аппараттық жиында бұл мәселеге тоқталып, ауа райы қолайсыз күндері қолданылатын әрекеттерді қатаң бақылауға алуды тапсырды. Егер құрылыс ерекшелігі мүмкіндік берсе, жел күшейгенде туды мүлдем шешіп алу немесе ұқыпты жинап қою қажеттігін атап өтті. Қала басшысы тудың зақымданған күйде тұруына жол бермеу керектігін қадап айтып, бар жауапкершілікті өзіне алатынын жеткізді:
«Әрине, бірінші кезекте жауапкершілік менде. Бірақ бұған таңертең және кешке тудың жағдайын бақылап отыратын арнайы жауапты адам керек», — деді Марат Жүндібаев.
Дегенмен ұлттық рәміздің діңгекке қашан қайта ілінетіні туралы әзірге нақты ақпарат айтылған жоқ.