Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Үсіп қалған»: Тауға барып, адасып кеткен 14 жасар баланың мәйіті табылды

15:08, 10 қараша 2026

Қырғызстанның Бішкек қаласына жақын орналасқан Ала-Арча табиғи паркінде 14 жастағы Амир Кунакунов есімді жасөспірім қайғылы жағдайда көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz.

Оқиға 7 қараша күні таңертең басталған. Жасөспірім тауға жүгіру жарысына қатысу мақсатында үйінен шыққанымен, ұйымдастырушылар жас шектеуіне байланысты оны жарысқа қатыстырудан бас тартқан. Осыдан кейін Амир өз бетінше Адыгене шатқалына қарай көтеріліп, түстен кейін «Электро» тұрағы маңында жүргенін куәгерлер көрген.

Сол күні сағат 19:02-де жасөспірім ТЖМ-нің 112 нөміріне өзі хабарласып, таудан түсу кезінде адасып кеткенін хабарлаған. Құтқарушылар оның Электро шыңы маңында екенін геолокация арқылы анықтағанымен, көп ұзамай байланыс үзіліп кеткен.

Іздеу жұмыстарына альпинистер, қосымша құтқару бөлімшелері және Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасы Адылбек Қасымалиевтің тапсырмасымен арнайы тікұшақ жұмылдырылды. Нәтижесінде үш күн бойы жүргізілген іздестіру шараларынан соң, 9 қараша күні сағат 16:00 шамасында жасөспірімнің денесі Электро шыңының маңынан табылды.

Алдын ала болжам бойынша, 14 жасар Амир Кунакунов дене температурасының күрт төмендеуінен, аязға шыдамай үсіп қайтыс болған. Қазіргі уақытта оның нақты неден көз жұмғанын анықтау мақсатында тиісті сараптамалар жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, Ала-Арча табиғи паркі туристер мен альпинистер жиі баратын, тау жорықтары мен бәйгелер тұрақты өтетін аймақ болып табылады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар