«Миллион» жайдарман тобы арқылы көпшілікке танылған әзілкеш Мансар Орынханның шаңырағында үлкен кикілжің туындады. Өнер иесінің жұбайы Нұрайым Халила әлеуметтік желідегі парақшасында эмоционалды жазба жариялап, отбасындағы жағдайды ашық баяндады, деп хабарлайды Alash.kz.
Әзілкештің жұбайы күйеуінің осымен бірнеше рет хабар-ошарсыз кетіп, өзін барлық байланыс құралдарында бұғаттап тастағанын жеткізді:
«Бәлкім, қазір эмоциямен жазып отырған шығармын... Үйге қонбайды, хабарсыз кетеді, барлық жерден бұғаттайды. Алты күн өтті, Алматыда жүргенін білемін. Бірақ мен өз өмірімді сүремін. Оның жоқтығынан өмір тоқтамайды. Және бұл бірінші рет емес! Кеше тойға бардым, сол кезде ғана байланысқа шықты», — деп сөзін бастады Нұрайым Халила Instagram желісінің Stories бөлімінде.
Сондай-ақ келіншек орын алған жағдайға қарамастан баспанадан кетпейтінін айтып, күйеуіне соңғы шартты қойды:
«Қазір өзіне айтарым біреу: егер таңдауың көше болса, үйді бізге қалдыр. Бізді таңдамағаның үшін үш баламен тентіретпе. Мен бұл үйден кетпеймін, қусаң да», — деп түйіндеді сөзін әзілкештің жұбайы.
Орын алған отбасылық дауға қатысты Мансар Орынханның өзі әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Ал желі қолданушылары бұл жазбадан кейін екіге жарылды. Оқырмандардың бір бөлігі үш баламен қалған анаға қолдау білдірсе, екінші тарап өнер иесінің мұндай әрекетін қатаң айыптауда.