Қырғызстан президенті Садыр Жапаров алдағы президент сайлауына қатысу үшін Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Садыр Жапаров сайлауға өзін-өзі ұсыну арқылы қатысуды жоспарлап отыр.
10 қарашадағы мәлімет бойынша, президенттікке кандидат болуға ниет білдірген алты адам ресми өтініш берген. Үміткерлерді ұсыну кезеңі 13 қарашаға дейін жалғасады.
Қырғызстанда президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарға белгіленген.
Айта кетейік, Садыр Жапаров 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен кезектен тыс президент сайлауында сайлаушылардың 79,2 пайыз дауысын жинаған. Ол 28 қаңтарда ресми түрде президент қызметіне кіріскен.
2021 жылы қабылданған Қырғызстан Конституциясына сәйкес, мемлекет басшысы бес жыл мерзімге сайланады және бір адам президент лауазымын екі мерзімнен артық атқара алмайды. Ал Конституциялық сот Садыр Жапаровтың қазіргі алты жылдық өкілеттік кезеңі оның алғашқы президенттік мерзімі болып саналатынын растаған.